2019 жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша электрондық еңбек биржасында түйіндемелер мен бос жұмыс орындары санының арақатынасына сәйкес Қазақстандағы білікті қызметкерлердің артық кәсіптер тізімінің көшін заңгерлер бастап тұр,-деп хабаплайды BAQ.KZ
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының мәліметінше, биылғы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша еңбек нарығында 2,4 мыңнан астам заңгердің түйіндемесі сұранысқа ие болмай қалған. Үшінші тоқсанда электрондық еңбек биржасында заңгер кәсібі бойынша 644 бос жұмыс орны орналастырылғанын айта кеткен жөн. Бұл ретте 3077 адам осы салада жұмыс іздеген.
«Артық кәсіптердің үздік бестігінің қатарына бағдарламашы-техниктер (1 мыңнан астам түйіндеме), технолог-техниктер (843), экономистер (837) және қаржыгерлер (736) енді», — делінген хабарламада.
Ең аз сұранысқа ие мамандықтардың үздік ондығына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері (707), фельдшерлер (687), дене шынықтыру және спорт пәнінің мұғалімдері (582), аспаздар (474) және шаштараздар (413) енді.
Сонымен қатар, жұмыс берушілер тарапынан 2019 жылғы үшінші тоқсанда мынадай мамандықтары бар жұмыс ізденушілердің түйіндемесі аз сұранысқа ие болды: эколог, биология мұғалімі, тігінші, психолог, бастауыш сынып мұғалімі, заңгер-кеңесші, мектепке дейінгі тәрбие жүйесіндегі педагог, бухгалтер, техник-механик, техник-фермер, бухгалтерлік қызметші, биолог.
2019 жылғы үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша электрондық еңбек биржасындағы жұмыс күшінің сұранысы мен ұсыныстарының талдауымен толығырақ мына жерде танысуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша еңбек нарығында 3,6 мыңға жуық заңгердің түйіндемесіне сұраныс болмаған. Сұранысқа ие кәсіптердің үздік бестігінің құрамына әлеуметтік қызметкерлер (2,4 мыңнан астам түйіндеме), аспаздар (2 мың), техник-бағдарламашылар (1,5 мың) және іс-қағаздарын жүргізуші (1,5 мың дерлік) енген болатын.