Егер отбасындағы асыраушы адам жұмыспен қамту орталығы ұсынып отырған жұмыстан бас тартса, барлық отбасы мүшелеріне берілетін атаулы әлеуметтік көмекті беру тоқтатылады- деп хабарлады Baq.kz сайты 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы «Хабар» арнасындағы «Большая неделя» бағдарламасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі АӘК басқармасының басшысы Аяжан Жанғабылова айтты.
«Адамдар атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға келген кезде олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Олардың біліктілігі мен білімі сұралады. Егер еңбекпен қамтудың электронды биржасында бос орындар болса, оған сол кезде-ақ жұмыс ұсынуы мүмкін. Одан кейін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындайды. Тиісінше сол кезде әлеуметтік келісімшарт жасалады», — деді ол.
Айтуынша, келісімшарт бұзылған жағдайда отбасындағы барлық адамдар атаулы әлеуметтік көмектен айырылады.
«Біз жұмыс ұсыну арқылы өзінің отбасын, балаларын асырау мен әлеуметтік қамтамасыз етудегі жауапкершілікті арттыруды көздейміз», — деді Аяжан Жанғабылова.