Прокурорлар балалар құқығын қорғауда

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының алқа мәжілісінде 2018 жыл мен 2019 жылдың өткен кезеңінде мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жетім балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды, — деп хабарлайды БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.

Тексеру нәтижелері өз шешімін таппай жүрген кемшіліктерді көрсетті.

Мысалы, кейбір кәмелетке толмағандар «Білім туралы» Заңның 8-бабымен кепілдік берілген инклюзивті білім алмай келген. Мүмкіндігі шектеулі балалардың, олардың ішінде ауылдық округтерде тұратындардың инклюзивті білім алмауы фактілері орын алған. Педагогикалық құрамның, сондай-ақ арнайы мамандардың жеткіліксіздігі байқалады. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде педагогтардың біліктілігінің сәйкес келмеуіне байланысты бұзушылықтар анықталды. Осындай мекеме Бөрлі ауданында жоқ.

Мамандандырылған және медициналық-әлеуметтік оқыту мекемелерінде оңалту іс-шаралары нормалардың, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы және мұғалімдерде арнайы білімнің жоқтығы анықталды.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе жеке жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердің жалпы санының кемінде жиырма пайызын бөлуді көздейтін норма сақталмаған («Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 74-бабы).

Кеңес қорытындысы бойынша облыс прокуратурасымен білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларына балалардың құқықтарын қорғауға және қолданыстағы заңнамада белгіленген мемлекеттік кепілдіктерді іске асыруға бағытталған нақты міндеттер тапсырылды.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *