Киіктердің мүйіздерімен заңсыз айналысу фактісіне байланысты БҚО Ақжайық ауданы прокуратурасының қадағалау актісімен мемлекет пайдасына 10,8 млн. теңге өндірілді.
Бұл туралы БҚО прокуратурасының сайтында жарияланды. Анықталғаны, биылғы 20 наурыздағы сот үкімімен ҚК 339-бабы (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша К., Р. және К. есімді азаматтар кінәлі деп танылып, олардан 10,8 млн.теңге шығын өндірілген.
Осы жылдың 15 мамырынан бастап сотталғандар бар болғаны 180 мың теңге өтеген екен. Прокурорлар ақпараттық жүйелерді қолдану нәтижесінде борышкерлердің меншігінде 105 ірі қара мал мен 382 қойдың бар екендігін анықтаған.
Прокуратураның ұсынуы бойынша «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның 32, 66-баптарының тәртібінде сот орындаушы мүліктің тiзiмдемесін жасап, мүлікке тыйым салынды. Малдарын сауда-саттыққа шығару туралы хабарламадан кейін борышкерлер қалған соманы толығымен өтеді.
«2019 жылдың өткен кезеңінде аудан прокуратурасымен атқарушылық іс жүргізу саласында екі ұсыну енгізіліп, 13 млн.теңге өндірілді, үш сот орындаушысы тәртіптік, екі борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды» делінген облыстық прокуратура сайтында.
«PULS» ақпарат