«Бақытты отбасы» бағдарламасымен бұйырған баспана

Тасқалалық көпбалалы Кондудаевтар жанұясы – «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы тұрғын үйге қол жеткізгендердің бірі.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы аталмыш бағдарлама аясында берілетін несиені иеленіп, армандары орындалған Кондудаевтарды аталмыш банк ұжымы құттықтап, естелік сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар Орал қаласы әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов та қуаныш иелерін құттықтап, Елбасының тапсырмасымен қолға алынған бағдарламаның жүзеге асырылу барысына тоқталды.

2014 жылдан бері тұрғын үй кезегінде көпбалалы ана ретінде тұрған Нұргүл Кондудаева жергілікті Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы естіп, соған қатысуға өтініш білдірген екен. Алғашқылардың бірі болып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жылдық екі пайыз мөлшерінде 7 миллион 304 мың теңге жеңілдетілген несиеге ие болған көпбалалы ана осылайша пәтерлі болған. Бастапқы 10 пайыздық жарнасын төлеген жаңа қоныс иелерінің алған несиесінің ай сайынғы төлемі – 38939 теңгені құрайды.

Тасқалалық Кондудаевтар – алты бала тәрбиелеп отырған үлкен шаңырақ. Бүгінге дейін ата-аналарының үйінде тұрған отбасының енді Оралда өз шаңырағы бар. Отағасы Замир Кондудаев Атамекен ауылдық мәдениет үйінде жұмыс жасайды. Балаларының үлкені – 20 жаста болса, ал кенжесі 1,3 жаста. Шаңырақтың қариясы, жасы 80-нен асқан Батыр ана Мағрипа Қалмақбайқызы да ұрпағының осындай қуанышын көргеніне бақытты екенін айтты.

Еске сала кетсек, «Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған. Бағдарламаға қатысушыларға БҚО бойынша берілетін несиенің максималды сомасы – он миллион теңге. Қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облысымыздағы филиалы тұрғын үйге мұқтаж адамдардан 112 несиелік өтінім қабылдаса, соның 52-сі мақұлданған. Филиал басшысының міндетін атқарушы Нұржан Қалишановтың айтуынша, қалған өтінімдер қаралу үстінде.

2021 жылға дейін жүзеге асырылатын аталған бағдарлама келер жылы жалғасын табатын болады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА   

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *