Достық үйі алаңындағы фестиваль одан әрі «Сапалы өнім – 2019» азық-түлік өндірушілерінің қалалық көрмесіне ұласты.
Қаламызда ХІІ рет ұйымдастылып отырған көрмеде өңіріміздің үздік тауарлары назарға ұсынылды. Көрмеге облыс аудандары мен қаладан тамақ, ұн, су, сүт, құс шаруашылығы өнімдерін шығаратын 20 кәсіпорын қатысты. Шаһар мерекесі аясында өткізілген көрмеге қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, өз өнімдерін тұрғындарға ұсынған тауар өндірушілердің жұмыстарымен танысты.
Жәрмеңкеде үздік деп танылған тауар өндіруші орындарға қала әкімі атынан «Сапалы өнім – 2019» марапаты берілді. Қорытындысында жүлделі бірінші орынға шұжық өнімдері көпке белгілі «Колбасы Приуралье» ЖШС лайық деп танылды. Екінші орынға «Қаз-Ақбас» ЖШС ие болса, үшінші орынға «Жакенова» Batys Damu» жеке кәсіпкерлігі қол жеткізді. Өзге қатысушыларға алғыс хаттар мен гүл шоқтары табыс етілді.
Биыл «Желаев Нан» кәсіпорнының ашылғанына – жиырма жыл. 35 түрлі нан өнімдері мен 50-ге тарта печенье түрлерін шығарамыз. Он бес түрлі тәтті бәліш пен торттар дайындаймыз. Біз дүкендерімізде қолайлы бағамен нан өнімдерін халыққа ұсынамыз, – дейді «Желаев Нан» дүкенінің меңгерушісі Майра Исқақова.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ