Бүгін қала күнін тойлау ертемен басталды. Достық үйі алаңында өткен «Ұлттық костюмдер» фестивалі шаһар халқына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Әр халықтың өзіне тән болмысы мен мәдениеті бар. Ұлттық киімдер көрмесінде қаламыздағы барлық этно-мәдени бірлестіктер ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен таныстырды. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдері қала тұрғындарына салт-дәстүрлерін насихаттап, ән мен биден шашу шашты. Шарада шаһар басшысы Абат Шыныбеков Оралдықтарды қала мерекесімен құттықтап, бұл шараның маңызы зор екенін айтып өтті.
«Ұлттық киімдер» фестивалі – Қазақстанды мекендейтін әр ұлттың бір мақсат пен мүддеге ұмтылуы, бірінші кезекте қоғамдағы тұрақтылық пен ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Аталмыш мерекеде бәріңізге дендеріңізге саулық тілеймін. Жасыл қаламыз жайнай берсін! – деді.
Шара этно-мәдени бірлестіктердің дайындаған концерттік бағдарламаларымен жалғасты.
Гүлзинат ҚИБАТОВА