Осы аптада Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеровпен бірге орталық базарға барды.
Шаһар басшысы жалпы сауда орнының бүгінгі таңдағы жай-күйін бақылады.
Себебі бүгінде орталық базар аумағындағы антисанитарлық жағдай сатушылар мен тұрғындардың басты мәселесіне айналып отырғаны жасырын емес. Осы орайда Абат Абайұлы жауапты мекеме басшысына Досмұхамбетов, Фрунзе көшелеріндегі қоқыс қалдықтарының уақтылы шығарылуын қадағалауды және сауда павильондары аумағында тазалық шараларын ұйымдастыруды тапсырды.
Орталық базар маңындағы «жабайы» сауда ошақтары да біраз уақыттан бері көпті алаңдатып келеді. Осы ретте көше бойында сауда жасап тұрған саудагерлерге жабық көкөніс базарындағы бос орындарға заңды түрде орналасу мүмкіндігі ұсынылды. Алдағы уақытта «жабайы» сауда ошақтарын жойып, базар маңын ретке келтіру біржақты шешімін табатын болады.
Тұрғындардың өтініші мен жол ережелеріне сай Досмұхамбетов көшесіне тоқтайтын жүк көліктеріне Мұхит көшесінен жаңа тұрақ орны ұйымдастырылып, көліктер сонда аялдайтын болады.
«PULS» ақпарат