Оралда екі күнге созылған КСРО Кубогінің иегері, КСРО және Әлем чемпионы Асқар Шайхиевті еске алуға арналған халықарлық турнирдің жеңімпазы анықталып, жерлесіміз Ерасыл Бақыт автокөлікке ие болды.
Байрақты дода спорттық самбо мен әскери самбо күресі түрлерінен өтті. Халықаралық деңгейде алтыншы мәрте ұйымдастырылған спорт жарысына Армения, Ресей, Грузия, Өзбекстан мен еліміздің сегіз облысынан келген 180-нен аса спортшы қатысты. Палуандар боз кілемде он бір салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Турнир нәтижесінде батысқазақстандық спортшылар алдыңғы қатардан көрінді. Ерасыл Бақыт (52 келі), Болатбек Райымкулов (57 келі), Қазбек Сұпығалиев (62 келі) , Серікбай Неғмет (68 келі), Нұрбол Серіков (74 келі), Орынбасар Жұрмағамбетовтер (90 келі) өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, бұған дейін де абсолютті салмақта чемпион атанып жүрген Темірлан Көлбай өз биігінен көрінді. Спорттық самбодан 82 келіде Грузиялық балуан Бека Берулава жеңіске жетсе, ресейлік Даниил Борисов 100 келі салмақта алтын медалға ие болды.
Ал әскери самбо түрінен 62 келі салмақтағы орындарды жерлес спортшылар өзара бөлісіп, Шыңғыс Қажиақпаров жүлделі бірінші орыннан көрінді. Аталмыш самбо түрінен Денис Любимов (74 келі) турнир жеңімпазы атанды.
Биылғы турнирдің ерекшелігі – бас жүлдеге арнайы тігілген темір тұлпардың жеңімпаздар арасында лоторея арқылы ойнатылуы. Жолы болып, жеңіс тұғырынан көрінген 52 келі салмақтағы палуан Ерасыл Бақыт автокөлік иесі атанды.
Еске сала кетейік, өткен жылы жас спортшы Ерасыл аталмыш турнирде осы салмақта жеңіске жеткен болатын. Ал 2017 жылы ол жарыстың арнайы жүлдесін иеленіп, сәйгүлік мінген. Байрақты бәсекелерде аты озып, үнемі жүлделі орындардан көрінетін жерлесімізді кезекті жеңісімен құттықтаймыз!
Гүлзинат ҚИБАТОВА