Сыры мен құпиясы көп қасиет

13 тамыз халықаралық мерекелер күнтізбесінде «Солақайлар күні» деп белгіленген. Ал біз осы атаулы күн қарсаңында оралдық жастар арасынан саясат пен өнер саласында есімдері танылып келе жатқан солақай жандарды іздеп, олардың ерекше қасиеттеріне үңіліп көрдік.

Халықаралық статистика мәліметіне сүйенсек, әлемде адамдардың он пайызын солақай жандар құрайды екен. Ең қызығы, осындай жаратылыс иелерінің басым бөлігі – ер адамдар болып шықты. Шын мәнінде, солақайлықты әркім өз түсінігінде қабылдайды. Бірі – туа біткен қабілеттілік десе, бірі – оны кемістікке балайды.

Солақайлық – адам болмысын өзгелерден ерекше қып көрсететін қасиет десек болады. Мұндай жандар тумысынан дарынды, өнерге бейім боп келеді. Сондай-ақ, математика мен физика саласына қарым-қабілеті жоғары жандардың көбісі солақайлар қатарынан табылып жататыны таңғалаларлық жайт емес. Бұл тікелей оңқай адамға қарағанда мидың жұмыс істеуінде айырмашылық барын аңғартады.

Өнерлі Махамбет

Алғашқы кейіпкеріміз – Махамбет Нұрахметов туризм саласында білім алған. Алайда бала күнінен бойына дарыған әншіліктің арқасында бүгінгі таңда өнерден қол үзбей келеді. Бірнеше мәрте қалалық, облыстық ән байқауларында топ жарған жас әншінің бойында сазгерлік қасиеті де бар.

– Менің бойымдағы солақайлық туа біткен қасиет. Мұны оғаш қылық деп санамаймын. Солақай болғанның кем тұсы – үстел басында оңқай адаммен отырсаң, қолың кедергі келтіреді. Артығы – солақай адамдар дарынды болады, – дейді ол.

Ән айтудан өзге домбыра, гитара, синтезатор сынды аспаптарда ойнау – кейіпкеріміздің сүйіп айналысатын ісі. Қызығы сол, Махамбет домбыра мен гитара аспабын оң қолымен де, сол қолымен де еш қиындықсыз тарта алады екен. Бірақ, өзге іске келгенде сол қолының оң қолынан басым жұмыс жасайтынын айтты.

Ресми дерекке сүйенсек, нәрестелердің солақай болып жаратылуының төрт себебі бар екен. Әуелгісі – тұқым қуалаушылық, екіншісі – жүре пайда болу. Ал үшінші себебі – нәзік жандардың сәбиін ауыр босануы болса, соңғысы еліктеушіліктен пайда болатын көрінеді. Сол қолымен жұмыстануға қабілетті баланы оңқай қып шығарамын деу – бос әурешілік. Бұл жас жеткіншектің психологиясына кері әсерін тигізеді. Себебі, солақай адамдар өте эмоциялы болып келеді.

Бойындағы қабілетін ерекшелікке балайды

Келесі кейіпкеріміз Нұрдәулет Айсағалиев – «Болашақ жастардікі» облыстық жастар қоғамдық қорының директоры.

– Маған күнделікті өмірде жиі пайдаланатын дүниелер бастапқыда үлкен кедергі жасайтындай көрінетін. Алғаш мектепке барған жылы ұстазым мені партаның оң жақ бетіне отырғызды. Қолыма қаламды ең бірінші мәрте ұстаған маған (оның үстіне солақай) партаның оң бетінде отыру қиындық келтірді. Жанымдағы көршім екеуміз сабақ бойы бір-бірімізге кедергі жасаумен болатынбыз, – деді  Нұрдәулет бала күнгі естелігімен бөлісіп.

Үнемі қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылатын жастың сүйікті ісінің бірі – кітап оқу. Ол үнемі жүрген жерінде жастарға өзі оқыған кітаптары жайында қызықты мәліметтермен бөлісіп жүреді екен. Сондай-ақ, спорттың біраз түрінен епті кейіпкеріміз бойындағы бұл қабілеттілікті «ерекшелік» деп түсінеді.

Біз өз арамызда жүрген санаулы солақай жерлестеріміз туралы сөз қозғадық. Тарихта есімі қалған солақай талант иелері аз емес. Айталық, қазақ халқының әйгілі күйшісі, композитор Нұрғиса Тілендиев пен кескіндемеші, театр және кино суретшісі Гүлфайруз Ысмайылованың дарынды болуының сыры да солақайлықта жатса керек-ті.

Ежелгі Русьте солақай адамды «шайтанның ұрпағы» десе, оларды қытайлықтар «нашар адам» санатына жатқызған. Ал Марокко халқы бұларға «жын» деген атау қойған екен. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, көптеген танымал тұлғаларға ортақ қасиет – солақайлық екен. Олардың қатарын Аристотель, И.Ньютон, А.Пушкин, Л.Толстой, Моцарт, Бетховен сынды дарынды тұлғалар мен АҚШ-та соңғы отыз жылда билік басында болған бес президент толықтырады.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *