ОРАЛДА ҚАСАПШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҚУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Құрбан айт – бүгінде қазақ жұртшылығында ерекше аталып өтетін айтулы мереке. Дәстүрімізге сіңіскен ислам құндылықтарын насихаттау ісі де – маңызды міндеттер қатарынан. Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының БҚО бойынша өкілдігі  облыстық орталық мешітте «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты айт мерекесінде құрбандық шалатын орындарда қызмет қылатын қасапшыларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастырды.

Семинарды Тәжиден Батырұлы мешітінің ұстазы Әсет Раманқұлов пен Орал облыстық орталық мешітінің азаншысы Асхат Асылбеков жүргізді. БҚО өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен семинар барысында шаһардағы құрбан шалатын орындарда қызмет атқаруға тиісті азаматтар қатысып, тәжірибе жинақтады.

Семинарда сөз алған Тәжиден Батырұлы мешітінің ұстазы Әсет Раманқұлов «Құрбан айт мерекесінің ауқымы жылдан жылға ұлғайып, дәстүрлі дін құндылықтарына халықтың сұранысы мен ықылас-пейілі артып келеді. Айт мейрамдарының бүгінде бұқаралық сипат алғаны осыған дәлел. Санаулы күннен соң келетін мүбәрак мерекеде құрбан шалғысы келетін қала тұрғындарына кәсіби тұрғыда қызмет қылу – сіздерге жүктелген аманат. Қала әкімдігі осыған орай мал союға арнайы нысандар белгіледі. Айтулы күндері құрбандық малдарын шариғи шарттарын сақтай отырып союға аса үлкен мән берілуі керек» деді өз сөзінде.

Семинар барысында 30-дан астам қасапшыға шариғат талаптарына сәйкес мал союдың жөн-жосығы түсіндіріліп, арнайы төсбелгілер табысталды.
Шариғи үкімдер жан-жақты тарқатылған тренингтен тәлім алған қасапшылар ұйымдастырған шараға ризашылық білдірісіп, құрбан шалу барысында семинардан үйренген сабақтарын іске асыратындықтарын жеткізді.

Айта кетейік, биылғы Құрбан айт мерекесінде Орал қаласы бойынша құрбан шалатын 3 орын бекітіліп отыр. Аталмыш орындар арнайы санитарлық тексеруден өткізіліп, айтулы мерекеге сақадай-сай әзірленген.

Үміт Жәңгірова

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *