Бүгін қала әкімдігінің кіші залында Құрбан айт мерекесіне әзірлік жұмыстары пысықталды.
Шараға Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Мұратбек Қыстаубаев және ұлық мейрамға жауапты мекеме өкілдері қатысты.
Жиында шараларды ұйымдастырумен қатар, құрбандыққа мал шалуға арналған орындар белгілеу мәселесі де сөз болды.
Өкіл имам жиналыс барысында Құрбан айт мерекесінің нақты қай күні атап өтілетіні белгілі болмағанын айтты. Деректерге сүйенсек бұл мейрам Зуль-хиджа айының 10-шы күні, яғни жаңа айдың тууымен белгіленеді екен. Нақты мәлімет алдағы жұмада айтылатын болады.
– Күллі мұсылман халықтары үшін Құрбан Айттың негізгі салты – құрбан шалу мен айт намазы. Бүгін осы ұлық мереке уақытында өтетін шараларды ұйымдастыру жайлы сөз қозғаймыз. Құрбан шалу кезінде ішкі және сыртқы тәртіпке аса мән беру қажет. Көлік қозғалысында да жиі мәселе туындайды. Сонымен қатар, тазалық жұмыстарына мұқияттылық танытқан жөн. Осы мәселелерді жауапты мамандар ескерсе дейміз, – деді Мұратбек Мұхтарханұлы.
Биыл құрбан шалатын негізгі орындар «Ел ырысы» базары, «Батыс Адал Ет» ЖШС және «Кублей» ЖШС болып белгіленген. Өкіл имамның айтуынша, аталмыш үш орын халық сұранысын қанағаттандыра алады екен.
Құрбан айт мерекесі аясында жылдағы дәстүрге сай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспарлануда.
Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы мұсылман мерекесін атап өту барысында жергілікті полиция қызметіне кезекшілік қоюды, ветеринария бөліміне тазалық сақтау жұмыстарын баса қадағалауды тапсырды.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ