Біріккен ұлттар ұйымымен жарияланған атаулы күнге орай БҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Адам саудасына қарсы бірге күресейік!» атты іс-шара өткізді деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Шараның мақсаты – жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мәдени ағарту және іс-шараны ақпараттық-насихаттау. Аталмыш іс-шара «Еуразия» сауықтыру кешенінде, «Самал» жасөспірімдер лагерінде және балалар үйінде ұйымдастырылған. Оған облыстық білім басқармасының бас маманы А.Залмұқанова, адамдардың құқығын қорғау және заңдылықты сақтау қазақстандық халықаралық бюросы батысқазақстандық филиалының директоры П.Кочетков қатысып, тақырып аясында балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кейін оқушыларға тағдыр тәлкегіне түсіп, адамның арбауында қалған қыздың өмірі жөнінде бейнеролик көрсетілді. Кездесу соңында адам саудасының алдын алу мақсатындағы үлестірмелі парақшалар таратылды.
Ағымдағы жылдың басынан бері адам саудасына қарсы күрес бағыты бойынша төрт факті тіркелді. Оның біреуі – жасөспірімдерді жезөкшелікке тарту, ал үшеуі жеңгетайлықпен айналысу оқиғаларына қатысты болды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлімі (жыныстық сипаттағы қызмет ұсыну мақсатында қоғамдық орындарда тиісу) бойынша 17 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауына сәйкес облыс аумағында тоқсан сайын «STOP трафик» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылады.