Тәжиден Батырұлы атындағы қалалық мешітте «Иманды жас – ел болашағы» атты кездесу кеші өтті. Бұл туралы аталмыш мешіттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қалалық мешіттің бас имамы Мейрамбек Әбдірахмановтың бастамасымен жастарға арнап ұйымдастырылған шараға ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы Мұратбек Қыстаубаев қатысты. Бас имам дінімізге Алла ризалығы үшін қызмет ету, мойнымызға жүктелеген жауапкершілікті абыроймен атқару турасында сөз қозғады.
– Жалпы адам әрбір жұмысын мына екі мақсаттың бірімен іске асырады: Алла ризалығы үшін немесе нәпсінің, яғни адамдардың ризалығы үшін, Алла Тағала «Кәһф» сүресінің 110-аятында: «Ендеше, кімде-кім Раббысымен қауышуды үміт етіп, қаласа, игі істер істесін һәм Раббысына жасаған құлшылығында оған ешкімді (және еш нәрсені) серік етіп қоспасын» деп бұйырды. Бұл аятта құлдың Раббына құлшылығында Аллаға ортақ қосудың мағынасыздығы көрсетіліп, ғибадатта, кәсібінде, қарым-қатынаста Алла разылығы емес, ықылас пен шынайылықтың болмауы; рия, көзбояушылық секілді сезімдердің қайта керексіз екендігіне кесім айтылған, – деді Мұратбек Мұхтарханұлы. Сонымен бірге жамағаттың қойған сауалдарына жауап берді.
Ал қаланың бас имамы Мейрамбек Ақылбекұлы: «Жамағат тек мешітке жиналады, басқа орындарда бас қосып, имамдардан бөлінбейді. Себебі Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» деген. Егер мұсылмандардың арасында бір басшы шығып, бірлікке, татулыққа шақырмаса, ол қоғамның тоз-тозы шығып, құрдымға кетері анық, – деді.
Ғибратты басқосудан кейін бас имам Мұратбек Қыстаубаев қала мешітінің тыныс-тіршілігімен және алдағы жұмыс бағытымен танысты.