Алдағы уақытта банктер азаматтарға кредит берер алдында борыштық жүктемесін есептеу кезінде барлық мәселені ескереді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.
«Азаматтардың берешегін өсірмеу мақсатында жыл соңына дейін онлайн кредиторлар, кредиттік серіктестер мен ломбардтарды реттеуге арналған нормативтік актілер қабылданады. Банктер мен банктік қызмет туралы заңға, сондай-ақ микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдерді есептеуге тыйым орнату бойынша түзетулер енгізілетін болады. Ұлттық банк аталған түзетулерді Парламенттің қарауына қыркүйекте енгізеді», – дейді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, кредит алған адамның отбасына қалыпты өмір сүруге қажетті қаржыны қалдыру үшін азаматтардың борыштық жүктемесін есептеу кезінде барлық мәселе ескерілетін болады.
«Қарыз алушының барлық міндеттемесі, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Борыштық жүктеме коэффицентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегеріледі.Тұтынушылық кредиттерді беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Осының арқасында шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға болады», – дейді бас банкир.
BAQ.KZ