Алматылық студент Назым Сапарова — кітап сүйер оқырманның қатарынан. Ол бір жылда 100 кітап оқуды әдетке айналдырған. Студент қыздың бұл бастамасы көпке үлгі боларлық іс.
Қазір кітап оқушылардың қатары сирек. Кітап оқығаннан гөрі фильм көре салғанымыз оңайырақ секілді. Əлеуметтік желілерде Марфуға Шапиян, Назерке Сұлтанбек жəне «Ұланның» №49 санына сұқбат берген Айна Досмахамбетқызының кітап жайлы жазбаларын оқып жүрдім. Марфуға апайдың Телеграм каналындағы электронды кітаптарды жүктеп алатынмын. Содан неге бір жылда 100 кітап оқымасқа деген ой туды. Үшінші сыныптан бастап кітаппен доспын. Бағыт-бағдар болмағандықтан, қолыма түскен кітаптарды оқыппын. Қазақ əдебиетінің біршама туындысымен таныс болғанмен, шетел əдебиетінен бір де бір кітаптың бетін ашпаппын. Лезде қалам мен қойын дəптерімді алып, тізім құрастыра бастадым. Ең қиын іс кітап таңдау болды. Тізімге өзіме таныс емес қазақ əдебиетінің шығармалары ғана емес, шетел əдебиетінің туындыларын, қазіргі қазақ прозасының кітаптарын да қостым. Арасында тізім өзгеріп тұрды. Көбіне іздеген кітабымның кітапхана түгілі, электронды нұсқасын таба алмаймын.
Мақтаншақтық емес, өзгелерге үлгі болсын деп Инстаграмдағы парақшама оқыған кітабымды әдемілеп суретке түсіріп, жазып қоятын болдым. Бастапқыда достарым бұл әрекетіме күле қарап, көбі парақшамнан шығып кетті. Оған ренжімедім. Керісінше, парақшама өзімдей кітап оқитын достарымның жазылғанын көріп қуандым. Жансая Сексенбай, Назым Рахмет есімді жастардың парақшасына жазылып, электронды нұсқадағы кітаптарды осы қыздардан сұрадым. Назымның «КітапШам» атты оқырмандар клубы бар. Қарасам, көрші Ресейде букстаграм құрдастарған менен де кішкентай қыздарды көріп мотивация алдым. Кейбіреулерімен жап-жақсы дос боп кеттім.
Электронды нұсқадағы кітаптарды оқу қолжетімді!
Бұрын тек қағаз нұсқадағы кітаптарды алып оқушы едім. Қазір шәкіртақымнан кітап сатып алуды әдетке айналдырдым. Кейбір кітаптарға қалта көтермесе, кейбірін таба алмайсың. Ал телефоннан оқу өзіме қияметтей көрінетін. Бірақ бүгінде электронды нұсқадағы кітаптарды оқимын. Өте ыңғайлы әрі артық шығын жоқ. Сіздерге электронды кітап оқу үшін қолданатын бағдарламаларды ұсынамын. Егер iPhone-мен оқитын болсаңыз, iOS-тың өзінде iBooks бағдарламасы бар. Кітапты оқып жатып, арасында тоқтатып, қайта кіріп кітабыңызды жалғастыра бересіз. Ал Android болса, еВоох-ты қолданған ыңғайлы, бұл iOS-та да бар. Қалаған жерін «дәйексөз» батырмасы арқылы сақтап, қажетіңізге жаратасыз. Бұл бағдарлама кез келген құжатты аша алады. Сосын Bookmate бағдарламасын да қолдануға болады. Тек ол кейбір құжаттарды аша алмайды. Ал Oyan бағдарламасында қазақ әдебиетінің туындыларын оқи аласыз. Бұл бағдарламалардың барлығында да жарықты, қаріпті өзгертуге болады. Электронды нұсқасы табылмай жатса, кітаптарды Qamba.info мен Kazneb.kz сайттарынан табуға болады. Қазіргі қазақ прозасының туындыларынан хабардар болғыңыз келсе, Adebiportal.kz-тен оқыңыз. Жиі қолданатын сайтым kitap.kz, сайттың аудиокітаптарды тыңдауға болатын iOS және Android-қа арналған бағдарламалары бар. Жұмысыңызды тыңдырып немесе көлікте жүргенде тыңдауға болады.
Кітапқа рецензия жазу оңай емес
Кітапты оқығаннан оны санаға тоқу қиынырақ. Белгілі бір шығарманы оқып, одан тəжірибе, үлгі алмасаңыз, уақытты босқа өткізгеніңіз. Кітап адамның өмірге көзқарасын өзгертеді. Адам өзіне қажетті 10 кітабын табу үшін мыңдаған кітапты оқуға тырысады. Сонымен кітапқа қалай рецензия жазамыз?
Әлеуметтік желідегі Инстаграм парақшамдағы кітаптарға жазған рецензияма қарасам, қатеден көзімді аша алмаймын. Алдымен кітапты әдемілеп тұрып суретке түсіру қажет. Барынша локациясы ашық, кітаптың мазмұнына шамалас жерлерді іздейсіз. Одан кейін безендіруге сан түрлі әшекей-бұйымдар, кәдесыйларды талғаммен орналастырып, суретке түсіру қажет. Тәжірибеме сүйенсек, кітапты оқып болған соң, шығарманы талдаған әдебиет сыншыларын оқимын. Әлеуметтік желіде кітап жайлы жазбаларды іздеймін. Рецензия жазу үшін алдымен кітаптың атауын, авторын жазамыз. Шығарманың сюжетін, автордың не айтқысы келгенін, сізге қалай әсер еткенін жазамыз. Барынша кейіпкерлердің миссиясын, ұнамды және ұнамсыз мінездерін сараптаймыз. Кітап оқығанда, қажет сөз тіркестерін, поэтикалық ойларды дәптерге түртіп алған абзал. Бұл шығарма, мақала, тіпті күнделікті сөйлегенде де кәдеңізге жарайды. Рецензияда шығармаға баға беріңіз. Соңында хэштег қоюды ұмытпаңыз. Кітап жайлы жазба іздеген адам хэштег арқылы сіздің жазбаңызды әп-сәтте тауып алады. Қазіргі таңда telegram каналыма да жазба жариялап, электронды нұсқасын жүктеуді қолға алдым.