Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау және ақылы оқу негіздері туралы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәжілісінде мәлім болды.
Баспасөз мәжілісіне Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Асқар Наметов пен Студенттер контингентін қалыптастыру және мансап орталығының директоры Ізімғали Жұбантаев қатысты. Олар жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктеріне байланысты өзгерістермен таныстырды.
Белгілі болғанындай, білім беру гранттарын тағайындаудың республикалық конкурсына өтініштер қабылдау мерзімі басталып кеткен. Яғни, талапкерлер өз өтініштерін 13-20 шілде аралығында тапсыра алады. Барлық оқу орындары қабылдау комиссиясының жұмысын барлық мүмкіндіктерге сәйкес жүргізуде. Маусым айында ҰБТ мен кешенді тестілеу бір уақытта өткізілгендіктен, күні бүгін құжат қабылдау да қатар жүргізілуде. – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде де құжат тапсырушы талапкерлер мен ата-аналарға қолайлы жағдай жасау қарастырылды. Құжат тапсырушы талапкерлерге халыққа қызмет ету орталығы тәжірибесі негізінде кеңестер беріліп, олар өздерінің іс-қағаздарын төрт минут ішінде тапсыра алады. Сағаттап кезекте тұрудың қажеті жоқ, – деді Ізімғали Нұрымұлы.
Мектеп бітірушілер оқуға тапсырарда бұрынғыдай мамандықты емес, оқу бағдарламалары тобын таңдайды. Нәтижесінде төрт оқу бағдарламалары тобы арқылы бейіндік пәндеріне сәйкес төрт оқу орнын таңдауға мүмкіндіктері бар. Биыл енгізілген тағы бір жаңалық – педагогикалық мамандықтарға шекті балл мөлшері 50-ден 60-қа көтерілген.
Әрине, көпті толғандыратын сауалдардың бірі – ақылы оқудың құны екені белгілі. Баяндамашылардың айтуынша, оқу ақысы қымбаттады деуге негіз жоқ. Керісінше, былтырғы оқу жылына қарағанда оқу құны бес пайызға төмендетіліпті. Оған қоса талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуде жинаған балына сәйкес 10-20 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Ал химиялық инженерия, туризмдегі менеджмент, маркетинг сияқты ел экономикасына қажетті оқу бағдарламаларына 40 пайызға дейінгі жеңілдіктер қарастырылған екен. Ақылы негізде білім алуға ниетті колледж түлектерінен ҰБТ қорытындысы талап етілмейді. Олар әңгімелесу арқылы оқуға қабылданады.
Магистратура бойынша гранттарға ие болу үшін талапкерлер кешенді тестілеуден өту арқылы республикалық конкурсқа қатысады. Докторантура бойынша міндетті түрде халықаралық тіл меңгергені жөнінде құжаттары болуы тиіс. Ал арнайы емтихандар таңдаған университетінде тапсырылып, докторантура бойынша гранттар сол оқу орнында тағайындалатын болады.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры Асқар Мырзахметұлы өз сөзінде Елбасы білім сапасын арттыру, еңбек нарығына қажетті мамандар дайындау бойынша оқу орындарының алдына нақты талап-міндеттер қойғанын атап өтті. Сондай-ақ аталмыш оқу орнындағы білім беру талаптарына енгізілген өзгерістерден хабардар етті.
Ләззат ҚАЖЫМ