Қар тасымалдау жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде

Биылғы қыстың қаһары қатты болып тұрғаны белгілі. Түскен қар көлемі жылдағыдан қалың екенін жауапты мекемелер де растайды.

Қала тазалығымен айналысатын «Жайық таза қала» ЖШС жұмысшылары күні-түні тоқтаусыз жұмыс жасап, шаһарды қалың қардан арылтуға күш салуда. Аталмыш кәсіпорынның баспасөз хатшысы Ақболат Қатешовтің айтуынша, қаһарлы қыс басталғалы Орал қаласы аумағынан 592218 текше метр қар шаһар сыртына тасымалданған.

«Орал қаласының аумағы күннен-күнге үлкейіп келеді. Мысалы, 2016 жылдың қараша-желтоқсан айларында қаладан 82 мың текше метр қар шығарылса, 2017 жылдың есепті мерзімінде — 42 мың, өткен жылы 149 мың текше метр қар тасымалданған екен. Жұмысшылар екі ауысыммен жұмыс жасауда. Әр ауысымда 100-дің үстінде техника, 300-дей жұмысшы қар тазалау жұмыстарымен айналысады. Қарды қала сыртындағы Асан, Балауса, Телеорталық, Деркөл тоғандарына тасымалдайды, — деді баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар оралдық бірқатар мекеме-ұйымдар қосымша көмек ретінде 60 техника шығаруды ұйғарған. Оған қоса еріктілер де қолдарына күрек алып, қар тазалап, жұм­ысшыларға көмекке келген. Ерікті жастар мүмкіндігі шектеулі жандар мен қариялардың аулаларындағы қарды тазартып, игі іс жасап жүр. Бүгінгі таңда қала бойынша жоспар жасақталып, шаһардың әр ауданында қар тасымалдау жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде».

Қаланы қардан тазарту барысында ең алдымен басты көшелер, өтпежолдар, әлеуметтік нысандарға баратын жолдар нысанаға алынады. Түнімен жұмыс жасайтын коммуналдық мекеме қызметкерлеріне тұрғындар да көмектессе құба-құп. Олар өз аулаларындағы қарды көшеге тасымалдап, үйіп берсе, арнайы техникалар келіп тиеп алып кетеді. Тағы бір айта кетерлігі, оралдықтар қар тазалау жұмыстарына байланысты «Жайық таза қала» мекемесінің 51-55-85 телефон нөміріне хабарласып, өтініш-шағымын қалдыра алады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *