Тәжібаев оқуларының жеңімпазы — Тайманов мектебінің оқушысы

Ақпанның 13-і күні Орал қаласындағы Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында мектеп оқушылары арасында мәнерлеп оқу байқауы өтті.

Жыр кеші Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын ӘбділдаТәжібаевтың 110 жылдығына орай «Толағай тұлға тарлан еді» деген атаумен ұйымдастырылды. Аталмыш кітапхана ұжымы ұйымдастырған Тәжібаев оқуларында 70-тей оқушы ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Кеш жүргізушілері алдымен балаларды қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығынан хабардар етті. Бұдан әрі көрнекті ақынның поэзиялық туындыларын жаттап келген оқушыларға кезек берілді. Балалар кезекпен жырдан шашу шашып, әр туындыны жүректерге жеткізе оқуға тырысты. Қазылар алқасы олардың мәнерлеп оқу нақыштарына, өздерін ұстау мәдениеттеріне, өлеңді жаттау шеберліктеріне назар аударды. Әрине, байқауда өздерін еркін ұстағандар да, толқыныстарын жасыра алмағандар да болды. Өлең жаттағанды жақсы көретін №25 орта мектептің  сегізінші сынып оқушысы Камила Сахипова Әбділда ақынның «Бір досқа», «Өз қиялдарымнан» өлеңдері мен «Сыңар жарық» топтамасынан үзінді оқыды. «Қазақ ақындарынан Мұқағали Мақатаевтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін сүйіп оқимын» дейді ол. Өлең оқып қана қоймай, өзі де өлең шығаратын дарынды балаларға арналған мамандандырылған Сакен Сейфуллин атындағы №11 қазақ мектеп-интернат кешенінің сегізінші сынып оқушысы Әмина Жеңіс ақынның «Сыңар жарық», «Күзгі жарық», «Күзгі жапырақтар» топтамаларынан үзінділер келтірді.

«Өзім өлең оқығанда ақынның ішкі сезімін, толқынысын сезінгендей боламын. Мектепте әдебиет, тарих пәндерін сүйіп оқимын», – деді Әмина.

Бастауыш сыныптан бері ана жайлы, жыл мезгілдері туралы өлеңдер және ақындарға арнау жазатын Әмина ұстаздар отбасында тәрбиеленіпті. Әсіресе, көпшіліктің назарын аударған орыс мектебінен келген оқушылардың Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін оқуы болды. Солардың бірі – №17 орта мектептің сегізінші сынып оқушысы Елизавета Шапшенко. Абай, Ыбырай секілді қазақ қаламгерлерінің өлеңдерін оқып, қазақша сөйлеуге үйреніп жүрген Елизавета мұндай шараларға қатысу білімін шыңдауға, шеберлігін жетілдіруге көмектесетінін айтты. Үлкен аудиторияның алдында өлең оқығанда қобалжитынын да жасырмады. Ұстазы Арсен Сүйінішқалиев өзге ұлт өкілдерін сайыстарға қатыстыру айтарлықтай нәтиже беретінін айтты.

«Бүгінде жаңартылған бағдарлама бойынша мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін біріктіріп білім берудеміз. Сабақтан тыс уақытта оқушыларды осындай байқауларға дайындаймыз. Әсіресе, өзге ұлт өкілдері қазақ ақындарының өлеңдерін жаттап қана қоймай, тіл үйренеді, қазақ әдебиетінің өкілдерімен етене танысады. Оларға өлеңді жаттауға бермес бұрын мағынасын түсіндіріп, одан соң мәнерлеп оқу нақышына үйретеміз», – деді.

№17 орта мектепте 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасайтын Арсен Құрманғалиұлы.

Байқауға ерекше дайындықпен, ұлттық киіммен келген облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының қыздары да назар аудартпай қоймады.

«Шешем маған түйе жүн шекпен тікті,
Ойланды да ақылмен, еппен тікті.
Өскеннен соң жігіт боп киесің деп,
Өлшеп қойды он жылды алдан тіпті…»

Бұл өлең жолдарын аталмыш арнаулы білім ордасының жетінші сынып оқушысы Гүлден Жүрсінбаева оқып берді.

Барлық үміткерлерді толықтай тыңдаған қазылар алқасы бас жүлдеге Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының жетінші сынып оқушысы Әділжан Сәбитов лайық деп бағалады. Ал І орынды №22 орта мектеп оқушысы Ж.Закариянова мен С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің оқушысы Ә.Жеңіс иеленді. М.Өтемісұлы атындағы сауықтыру мектеп-интернатының оқушысы А.Нұрлан мен зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Д.Сәрсенов ІІ орынды өзара бөлісті. Жыр мүшәйрасында ІІІ дәрежелі дипломы №19 орта мектептен А.Мендыбаев, С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің оқушысы Н.Қайырғалиева, ЖОББ эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназия шәкірті А.Халеловқа бұйырды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *