Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жусан» операциясының нәтижесінде Отанына оралған жерлестеріміз өткен іске өкінеді. Өздері бастан кешкен жан түршіктірер оқиғалар өзгелерге сабақ болса екен дейді.
Арам пиғылды топтардың арбауымен шекара асып кеткен отбасылардың мүшелері өңірлеріміздегі мешіттерде болып, бастан кешкен оқиғаларын жұма намазына жиналған жамағатқа баяндап берді. Мұндай кездесуді ұйымдастырушылардың басты мақсаты – адамдарды дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтандыру, діни сауаттылықтарын арттыру, дұрыс жолдан жаңылмауға шақыру.
Біз бас сұққан облыстық орталық мешітке келген 47 жасар Дариға Шелеуова есімді оралдық азаматша елге аман-сау оралғандарына шүкіршілік айтады. Алайда отбасының екі бірдей азаматының сүйегі жат жерде қалғанын айтып егілді.
Алты жыл соғыс аймағында арпалыспен ғұмыр кешкен жанұя ол жаққа күйеу балаларының Египетке оқуға барамын деген желеуімен тап болған екен.
– 2013 жылы теріс діни ағымдағы топтың арбауына түскен күйеу баламыз бізді елден алып кетті. Жолдасым екеуміз қыз-күйеу баламызбен және алты айлық кішкентай жиенімізбен бірге оттың ортасына бара жатқанымызды сезбедік. Қаладағы пәтерімізді, мүлкімізді сатып кеттік. Бастапқыда күйеу баламыз Египетке оқуға барамын деді. Бірақ соғыс өрті тұтанып тұрған Сирия елінен бір шықтық. Сол кезде ғана адасқанымызды түсіндім. Бірақ, бәрі кеш еді, – дейді жаны жабырқаулы ана. Айтуынша, шет елге «білім» іздеп барған күйеу баласы – 2015 жылы, ал жарты жылдан соң отағасы өлім құшыпты.
Көз жасына ерік берген Дариға: – Жанұямыздағы екі бірдей азаматтан көз жазып қалғаннан кейін көрген күнімізді еске алудың өзі қорқынышты. Әр түрлі орындарға бас сауғалап жүрдік. Көшіп-қону, бомба түскен орындар, аштық, қауіп-қатер, сәбилердің жаутаңдаған жанарлары, өлім мен өмір ортасындағы арпалыс – осының бәрі сұмдық түс секілді. Ол жерден бас сауғалап қашып шығудың өзі өте қиын болды, – деді.
Ол мұндай сергелдеңге ұшырауларына діни сауаттылықтарының төмендігі себеп болғанын жеткізді. «Дәстүрлі емес дінді насихаттаушылардың кесірінен отбасымыз ойран болды. Ол жаққа ерлер жиһад жасаймыз деген оймен барады. Бірақ мүлде олай емес» дейді.
Оралдық Дариға Шелеуова қызымен және екі жиенімен биыл «Жусан» операциясымен елге, ағайындарының ортасына оралды. Елден кеткенде алты айлық сәби болған үлкен жиені алты жаста, ал оқ пен оттың ортасында дүние есігін ашқан кіші жиені – екі жаста.
Өзінің әңгімесін тыңдаған әр жанның салмақты ой түюін қалаған кейіпкеріміз жамағатты тура жолдан адаспауға, діни мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алуға, жақын жандары мен ата-аналарына қайғы кештірмеуге шақырды.
Ләззат ҚАЖЫМ