Мұндай мәлімет Орал қаласының мамандандырылған тергеу сотында өткен баспасөз мәжілісінде белгілі болды.
Журналистермен өткен жүздесуге сот төрағасы Нұрлан Губашев пен судья Раушан Исмаилова қатысты. Тергеу соттарының басты мақсаты – қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың құқықтарын қорғау, айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету.
Жартыжылдық жұмыс барысын баяндаған қалалық мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Н.Губашев тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша көрсеткіштерге тоқталды.
Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында сот өндірісіне әртүрлі тергеу әрекеттерін санкциялау туралы 702 өтініш түсіпті. Оның үшеуі арыз иесіне қайтарылса, 584-і қанағаттандырылып, 115-і қанағаттандырусыз қалдырылған. Сонымен қатар сотқа 59 азамат қылмыстық қудалау органының іс-әрекеттеріне қатысты шағым түсірген. Алайда оның 31-і сот шешім қабылдағанға дейін жіберілген кемшіліктің жойылуына байланысты кері қайтарылған. Мән-мазмұнына байланысты қаралған 28 шағымның 36 пайызы қанағаттандырылған.
Өз сөзінде бұлтартпау шарасының «үйқамақ» секілді баламаларын қолдану бойынша пайыздық өсімге назар аударған Нұрболат Ерболатұлы: – «Күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын қолдану туралы 62 өтініш қаралды. Оның 12-сі бойынша қанағаттандырудан бас тартылып, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес балама бұлтартпау шаралары белгіленді. Мүлікке тыйым салу туралы өтініштердің жартысы негізсіз деп танылды. Сондай-ақ сот қылмыстық қудалау және прокуратура органдары тарапынан жіберілген өрескел заңбұзушылықтарға бес рет жекеше шағыммен әрекет етті, – деді.
Төрағаның айтуынша, тергеушілердің «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішхаттары бейнебайланыс арқылы қаралады. Ал уақытша ұстау орнындағы күдікті тұлғамен өткізілетін сот отырысы нақты уақыт режімінде қашықтықтан қосылу арқылы ұйымдастырылады. Сотта электронды санкциялау да белсенді қолданылады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА