«7-20-25»: Бағдарлама талаптары жеңілдетілді

БҚО-да «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мақұлданған қарыз мөлшері 2 млрд. теңгеден асқан

«Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметінше, аталмыш бағдарлама жүзеге асырылған уақыттан бері Батыс Қазақстан өңірінде 3,5 млрд. теңгеге жуық ипотекалық қарыз алуға 392 өтініш қабылданыпты. Банктермен жалпы 2,3 млрд. теңгені құрайтын 230 өтініш мақұлданған екен. Соның ішінде 1,2 млрд. теңге болатын 126 өтініш – биылғы жылдың еншісіндегі көрсеткіш.

2019 жылдың 31 мамырында ҚР Ұлттық банкімен «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген өзгерістер бекітілген. Бұл өзгерістер қарыз алушыларға тұрғын үй құнының 20 пайызынан астам бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін беруге және бағдарламаға қатысу үшін банктерге қойылатын талаптарды төмендетуге қатысты болды. Бұл шара мемлекеттік бағдарламаға қатысушы банктердің қатарын сегізден 13-ке дейін көбейтуге және ай сайынғы төлем мөлшерін төмендету арқылы табысы аз азаматтарды қамтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Еске сала кетсек, «7-20-25» – Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі – «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарлама. Бағдарлама атауы оның негізгі талаптарын айқындайды: жеті – ипотекалық кредит бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме; 20 – пайыз түрінде көрсетілген бастапқы жарна; 25 – ипотекалық кредиттің жылдармен көрсетілген ең ұзақ мерзімі.

– Бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға берілетін несие тек жаңадан салынған үйлерге ғана беріледі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында баспананың ең жоғарғы құны – 25 млн., ал басқа өңірлерде үйдің шекті бағасы – 15 млн. теңге. Ипотекалық кредит алуға ниет білдірген тұлға банкке еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен табысын растайтын құжаттарды, кредиттік бюроның ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің жоқтығы туралы мәліметтерді қамтитын кредиттік есебін, сатып алынатын жылжымайтын мүлікке құжаттарды, тәуелсіз бағалаушының сатып алынатын мүлікті бағалау бойынша есебін, әріптес банктің талабы бойынша басқа да құжаттарды ұсынады, – деді «Баспана» ипотекалық ұйымының өкілі Гүлнәр Ыбырайқызы.

Аталмыш бағдарлама бойынша ипотекалық несиені жергілікті сегіз банктен («Центркредит», «АТФ», «Jusan bank», «Bank RBK», «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «ForteBank», «Сбербанк») алуға мүмкіндігіңіз бар. Олардан кредит алу жолдарын түсіндірген Гүлнәр Ыбырайқызы бүгінгі таңда «Центркредит» және «Сбербанк» арқылы баспанаға қол жеткізуге ниеттілер қатары көп екенін жеткізді. Мұны олардың тұрғын үйге мұқтаж жандарға тиімді тұстарымен байланыстырды.

Жалпы еліміз бойынша «7-20-25» бағдарламасы бойынша бір жыл ішінде 100 млрд теңге несие берілген. Мұндай мәлімет «BAQ.KZ» сайтында жарияланды. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша 8 844 отбасының тұрғын үйді қолайлы талаптар бойынша сатып алуға мүмкіндік алғанын білдіреді, деп мәлімдеген «Баспана» ипотекалық ұйымы. 

Жылжымайтын мүлік нарығы сарапшыларының айтуынша, бұл бағдарлама –бүгінгі таңда Қазақстандағы жылдық 7%-бен, 20%-дан басталатын бастапқы жарнасымен және 25 жылдық мерзімімен берілетін ең таңдаулы ипотека.

Егер сізді «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктері қызықтырса www.baspana72025.kz немесе әріптес банктердің сайттарынан, «Баспана» ИҰ-ның Call-орталығынан 8 (727)22-7-20-25 телефон нөмірі арқылы алуға болады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *