Ашық аспан астындағы кітапхана

Қазіргі таңда кітапханалар оқырмандарды кітап оқуға шақыру бағытында түрлі шаралар өткізеді. Жаз маусымын кітапқа арнағандар үшін бұл жобалар – құба-құп іс.

Бүгін  қаламызда С.Датұлы ескерткіші жанындағы алаңда Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының «Жаңарған дәуір – жаңғырған оқу» әлеуметтік жобасы аясында «Кітаппен демалыс: жазғы оқу» шарасы өтті.

Шараның мақсаты –кітапхана қорына түскен жаңа әдебиеттерді көпшілікке таныстыру,  әр түрлі жастағы оқырмандарды кітап оқуға тарту, жазғы оқу залына келушілердің бос уақытын тиімді өткізу.

Ашық аспан астындағы оқу залына өлкетанушы, жазушы, қоғам қайраткері Жайсаң Ақбай, оқырман отбасылар мен қала тұрғындары, лагерь демалушылары және жас оқырмандар қатысты.

Кеш барысында сөз алған Жайсаң Досболатұлы жас ұрпаққа кітап оқудың маңыздылығын түсіндіріп, өнегелік кеңестерімен бөлісті.

Аталмыш кітапхана директоры Шолпан Уразаева бұл жобаның алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты.

Танымдық шарадан ерекше әсер алғанын айтқан Қазталов ауданынан «Еуразия» туристік-сауықтыру кешеніне  демалуға келген Парасат Карлова осы күнге дейін отызға жуық кітап оқыпты. Үшінші сыныпты тәмамдаған жас оқырман:

– Ауылда кітапханаға жиі барамын. Маған кітап оқыған ұнайды. Зиянды екенін білгендіктен, ұялы телефон ұстамаймын.  Бүгінгі шара өте қызықты болды, – дейді. Ол осы сәтте ертегі кітабын оқып отыр екен.

Жазғы оқу алаңында оқырмандар мақал-мәтел айтудан мен жасырылған жұмбақтарды шешуден сынға түсті. Викториналық сұрақтарға лезде жауап беріп, ән шырқап, би биледі.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *