Үш жасар Ахаттың жеңісі

Жуырда қалалық №36 «Балақай» бөбекжайының тәрбиеленушісі Ахат Утегенов Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Нұрталап-2019» ән байқауынан жүлделі оралды.

 Үш жастағы бүлдіршіннің ән айтуға деген ынтасын ата-анасы мен тәрбиешілері бірден байқаған. Ол музыкаға деген ерекше ықыласының арқасында көптеген қалалық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлдегер атанып жүр.

Елорда төрінде ұйымдастырылған ән байқауына 3-6 жас аралығындағы 32 балғын өнерпаз қатысқан. Солардың ішінде жерлесіміз Ахат топ жарып, жүлделі бірінші орынды иеленіп қайтты.

Анасы Эльмира Тұрғалиеваның сөзіне қарағанда, ұлы тек ән айтып қана қоймай, биді де жақсы билейді екен. Сурет салуға деген икемділігі жоғары. Ол адамдардың кейіпі мен жан-жануар бейнесін салғанды жақсы көреді екен.

Алдағы уақытта ата-анасы Ахатты вокал үйірмесіне апармақ. Ұлдарынан көп үміт күтетін олар бала бойындағы өнерді әрі қарай дамытамыз дейді.

Ахат Нариманұлы – 3 жаста, отбасының үлкен ұлы. Өзінен кейін сегіз айлық інісі бар. Әкесі Нариман Тұрғалиев – өрт сөндіруші, анасы Эльмира Мәлікқызы ҚазИИТУ біліми-ғылым кешенінде ағылшын тілінің оқытушысы болып қызмет атқарады.

Өзін үнемі биік сахналардан көргісі келетін бүлдіршіннің ата-анасы балабақша ұжымына, байқауға дайындаған тәрбиешісі Гүлбақыт Қашқынбаева мен музыка пәнінің жетекшісі Айнұр Серғалиеваға алғыстарын айтады.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *