Елімізде 20-30 маусым күндері аралығында мемлекеттік грантқа ниетті түлектер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Білім сынағына республика бойынша 110 мыңнан астам білім алушы түлек қатысқан.
Тестілеудің М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі пунктінде төрт лекпен 1956 түлек сынақ тапсыруы тиіс деп жоспарланған. Алайда олардың 33-і тестке қатыспаған. Төрт күннің қорытындысы бойынша жоғарғы балл 135 болды. Ең төменгі балл – 0, бұл талапкер жауап парағын бос қалдырыпты. Тест нәтижесінде шектік баллға жетпегендер 25 пайызды құрады.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Асқар Аманбаевтың мәліметінше ҰБТ кезінде тәртіп бұзушылық орын алмаған. Бірақ сынақ кезінде талапкерлерден мыңнан астам ұялы телефон тартып алынған.
2019-2020 оқу жылына білім беру бағдарламаларына бөлінген мемлекеттік гранттың жалпы саны – 50 985. Биыл педагогика мен техникалық білім салаларына грант көп бөлінген. Қазіргі таңда аталмыш оқу орнында шығармашылық емтиханға қатысушылардан құжат қабылдау басталып кетті.
Еске салайық, осы жылдан бастап М.Өтемісов атындағы БҚМУ жанынан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы ашылды. Медициналық мамандыққа түсуге ниеттілер ағымдағы жылдың 7 шілдесіне дейін құжат тапсыра алады. 8-13 шілде күндері аралығында талапкерлер арнайы өкілдік дайындаған психометриялық тесттен өтпек.
Ал 13 шілде мен 20 шілде аралығында мемлекеттік оқу гранты конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылданады.
Гүлзинат ҚИБАТОВА