Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінде тәуліктің екінші жартысында Орал қаласы Гагарин көшесіндегі «Арзан» дүкенінде киім ұрлау оқиғасы орын алды деп хабарлайды Орал қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметі.
Дүкен иелері полицияға хабарласып, болған оқиғаны баяндайды. Киім ұрланғанын дүкен сатушылары күндізгі сағат 15.40 шамасында байқаған. Ұрлық орын алған аймаққа келген тәртіп сақшылары «Арзан» сауда дүкеніндегі бейнежазбаны тексереді. Расында да, өзге сатып алушылар киім-кешектер текшеленіп салынған арнайы жәшіктерден керектерін іздеп жатқанда, келесі адам айналасындағыларға сездірмей, қызыл түсті спорттық костюмді жанына тығып, дүкеннен шығып кеткен. Бұл көріністер бейнетаспаға анық жазылған. Осылайша «Арзан» дүкенінің әкімгері 1992 жылғы азаматшаға 7600 теңге көлемінде шығын келген.
Жедел іздестіру шаралары аясында күдікті деп танылған 1976 жылғы, еш жерде жұмыс жасамайтын, А. есімді Орал қаласының тұрғыны ұсталған. Өзінің ұрлық жасағанын толықтай мойындаған күдіктінің бұған дейін де бірнеше рет қалта ұрлығымен айналысқаны үшін заң алдында жауапталғаны белгілі болған.
Ұрланған киім дүкен иесіне қайтарылып, оқиға орнынан бейнежазба алынған. «Бүгінгі күні Орал қалалық полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 188-бабының бірінші бөліміне сай (ұрлық) қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде» деп мәлімдейді басқарманың баспасөз қызметкері Гүламан Талапқызы.
«PULS» ақпарат