Таңғы оқу залында қонақта болыңыз!


Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында әр сәрсенбі ертеңгілік оқу залын көшеде өткізу дәстүрге айналған.

«Жаңарған дәуір – жаңғырған оқу» жобасы аясында ұйымдастырылатын шараның мақсаты – оқырмандарды кітап оқуға шақыру, кітапхана қорына жаңадан түскен әдебиеттерді халыққа таныстыру. Бұл жерде оқырмандар кітапхана ғимаратының алдында ұйымдастырылатын акция аясында жаңа кітаптармен танысып, тәттілермен шәй ішіп отырып сүйікті әдебиетін оқуға мүмкіндік алады.

Үстелде жайғастырылған кітаптардың көбісі психологиялық бағытта екенін байқадық. Сонымен қатар мерзімді газет-журнал басылымдары да қойылған.

Аталмыш кітапхананың оқу залы бөлімінің кітапханашысы Айбота Гусманованың айтуынша, жобаның тиімділігі арқылы оқырмандар саны көбейіп келеді екен.

Таңғы оқу залы сағат 09.00-12.00 аралығында қала тұрғындарына қызмет етеді. Бүгін бір сағат ішінде кітапханаға он бес оқырман жазылған.

– Қазіргі таңда жеке кәсіппен айналысамын. Кітап оқығанды ұнатамын. Кітап дүкендерінен жаңа кітаптарды жиі сатып аламын. Бұл жерге бүгін кездейсоқ тап келдім. Луиза Хейдің кітабын көріп, соны оқуға алдым. Кітапхананың мұндай бастамасы көңіл қуантарлық екен, – дейді қала тұрғыны Гүлдана Асқарқызы.

 

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *