Жуырда әнші Димаш Құдайбергеннің елордадағы Астана Арена стадионында «Арнау» атты жеке концерті өтті. Кешке алыс-жақын шет елдерден тыңдармандар келгені белгілі. Бұл туралы өңірімізден концертке барған жас талант иесінің өнерін құрмет тұтатын тыңдармандардан білдік.
Таңғажайып дауысымен әлем сахнасын мойындатқан қазақстандық әншінің тыңдармандары үшін бұл күн ұмытылмас сәтке айналды. Ән кешін отандастарына арнаған талант иесінің кеші өте жоғары деңгейде өтті.
Кеш барысында 27 ән орындалған. Ән кешіне қазақстандық көрермендермен қатар әлемнің АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария және басқа да 64 елінен 10 мыңға жуық көрермен келген.
– Оралдан Нұр-Сұлтан қаласына концерт үшін арнайы бардым. Өте керемет өтті. Халықтың Димашқа деген қошеметін көріп қуандым. Ол өзінің ерекше жаратылыс иесі болып туғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Әншінің өнер жолына тек сәттілік тілеймін! – дейді жерлесіміз зейнеткер Зәуре Ізбасарова.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Марал Нұрғалиеваны ән кешіне шет елден келген жанкүйерлерінің ықыласы таң қалдырған. Олар жеке фанклуб құрып, таңертеңнен бастап стадион маңайында кешті асыға күткен. Бойжеткен әлем таныған өнер жұлдызын көргеніне қуанышты.
Жеке концертінде әнші марқұм досы, белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге ән арнаған. Сонымен қатар әнші кештен түскен қаржының бір бөлігін арыстықтарға көмек ретінде беретіндігін айтты.
Әлемнің әр түкпірінен арнайы концертке ағылған тыңдармандар жетерлік. Олардың бәрі де әншінің талантына бас иіп, өнерін құрметтейді.
Милан қаласының тұрғыны, дизайнер, суретші 71 жастағы Марица Росси өмірінде Димаштай әншіні бұрын-соңды тыңдамағанын, оның жалғыз екенін «BAQ.KZ» сайтына берген сұқбатында айтқан.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ
Қосымша дереккөзі «BAQ.KZ» сайтынан алынды