Батысқазақстандық құрама команда – WRO кубогының иегері

Павлодарда өткен робототехникадан ұлттық чемпионатта жалпыкомандалық есепте ең көп жүлделі орын алған Батыс Қазақстан облысының құрама командасы олимпиада жеңімпазы атанып, WRO ауыспалы кубогын иеленді деп хабарлайды Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

Құрама сапында 18 оқушы өнер көрсетсе, соның 16-сы – Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Робототехника саласындағы басты жарыста он зияткер жүлделі орындарды қанжығаларына байлапты. Жалпы Оралдағы Елбасы мектебіндегі робототехника үйірмесінің шәкірттері ұлттық құрамамен бірге халықаралық аренада ел намысын қорғап жүр. Сонымен қатар оралдық білім ордасы – робототехника курсы енгізілген Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесіндегі алғашқы оқу орны.

– Біздің мектептің оқушыларын робототехниканың нағыз фанаты деп айта аламын. Ендігі мақсатымыз – күзде Будапешт қаласында өтетін робототехникадан бүкіләлемдік олимпиаданың қорытынды кезеңіне өтіп, үздік үштікке кіру, – дейді жарыстың негізгі жоғары категориясында ІІІ орын алған Арнұр Оразғұл.

Робототехника үйірмесінің жетекшісі Нұрболат Сәрсенғалиұлының айтуынша, үйірме мүшелерінің жетістігін ауыз толтырып айтуға болады. Алайда бәсекелестердің қатары да көбейіп келе жатқанын жасырмады. Биылдың өзінде алпыс шақты бала үйірмеге жазылыпты. – Бірақ уақыт өте олардың қатары сиреп, шынайы қызығатындары ғана қалады. Ал түрлі жарыстарға шамамен 25 бала қатысып жүр. Өзге мамандықта оқып жатса да, екі түлегіміз Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы мектептерде робототехника үйірмесін жүргізуде, – дейді үйірме жетекшісі. Балалар робот құрастырып қана қоймай, құлтемірге жүктелетін міндеттің орындалуына арналған бағдарламалар да жазып үйренеді екен. Үйірмеге қатысатын жеткіншектер математика, информатика, инженерлік негіздері және басқа сала ғылымдарының заңдарын өзара үйлестіріп, ойлау қабілетін дамытады.
Аталмыш ұлттық чемпионат «Негізгі», «Шығармашылық», «Роботтар футболы», «Jasampaz» (ақылды қалалар туралы жобалар) атты төрт санат бойынша өткен. Жеңімпаздар WRO – 2019 олимпиадасының әлемдік кезеңіне іріктеуге қатысатын болады. Ал 2020 жылғы Ұлттық чемпионат жеңімпаздар қаласы – Орал шаһарында өтеді деп күтілуде.

«PULS» ақпарат

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *