Ағымдағы жылдың 10-18 маусым күндері аралығында Павлодар қаласында өткен тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының жекелей чемпионатында батысқазақстандық құрама команда бес алтын, бір күміс және бір қола жүлдені қанжығаларына байлаған.
Ел чемпионатында 9, 11, 13, 15 жасқа дейінгі ойыншылар өз бақтарын сынаған. Спорттық шарада Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Жаңақала, Сырым, Бөрлі аудандарының және Орал қаласы спортшыларының бұл жарыста бағы жанған десе де болады.
Бес бірдей медальды жеңіп алған облыс құрамасы жалпыкомандалық есепте ІІ орыннан көрініпті. Жүлдегерлерге жекелей тоқталсақ, тоғызқұмалақтың блиц (шапшаң) ойын түрінен оралдық №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен Айшабибі Нұрғазина мен жаңақалалық Нұрәлі Арматұлы, классика түрінен Бейбарыс Жолдасқали (Жаңақала) мен Инабат Мәжитова (Орал), сондай-ақ Мадияр Жұмағали (Жаңақала, Жуалыой) жеңіс тұғырынан көрінген. Ал Самира Оразмұханбет (классика, Орал, №2 БЖСМ) күміс жүлдені еншілесе, Нұрдаулет Галлемов (рапид, Орал, «Санжар» мектебі) қола медальды қанағат тұтқан.
Жүлдегерлердің тартысты бәсекеде жақсы ойын нәтижелерін көрсетуіне Бауыржан Шурин, Қайрат Шәутенов, Жарасхан Сағынбаев Жарасхан, Ализа Ерниязова сынды ұстаздарының зор еңбек сіңіргені сөзсіз.
Ләззат ҚАЖЫМОВА