Оралда қоғамдық көліктерге сандық технология аясында жолақыны SMS немесе транспорттық карта арқылы төлеу жүйесі бір жыл бұрын енгізілген болатын.
Енді бұл сандық жүйе өз жұмысын уақытша тоқтатты. Мұның себебін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары жоба операторларының ауысу үрдісімен түсіндірді.
– Бұл – уақытша процесс. Қазіргі уақытта осы қызметті бүгінгі күнге дейін жеткізумен айналысқан компания өз жұмысын тоқтатты. Енді бұл жүйемен өзге компания айналысатын болады. Бұл процесс шамамен екі-үш айға созылуы мүмкін. Одан кейін қазіргі қолданылып жүрген жобалардың қаншалықты өзгеріске ұшырайтыны белгілі болады, – деді аталмыш бөлімнің бас маманы Гүлнар Шокалакова.
Естеріңізге сала кетсек, Оралда №5, №39, №7, №51, №35 сынды маршруттық автобустарда жолаушыларға «SMS-төлемақы» бағдарламасы немесе транспорттық карта арқылы жолақы төлеу мүмкіндігі жасалған болатын.
Ләззат ҚАЖЫМОВА