Облысымызға жұмыс сапарымен келген танымал қоғам қайраткері, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім бүгін Орал қаласының тұрғындарымен кездесті. Жастар мәдениет үйінде өткен жүздесу ономастика мәселелеріне арналды.
«Ономастика – мемлекеттік идеологияның негізі» тақырыбындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы кешенді кездесуді облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен «Еуразия» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы ұйымдастырды. Жиынды жүргізген филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр елімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып: – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары ұлттың зиялы қауым өкілдерінің көңілінен шықты. Осының арқасында ұлттық мәселелерді кеңінен қозғап жүрміз. Соның бірі – мемлекеттік тіл мәселесі. Академик Әбдуәлі Қайдаровтың айтуынша, мемлекеттік тілдік идеологияның үш тағаны болады. Олар: төл жазуы, ономастика және терминология, – дей келе, кезекті басқосудың ономастика тақырыбына арналатынын айтып өтті.
Бұдан әрі сөз алған тілші-ғалым Дос Көшім еліміздегі ономастикалық өзгерістердің бағыт-бағдарын түсіндірді. Алғашқы бағыт – идеологиялық тұрғыда ескірген коммунист, совет, Ленин, Крупская, Киров, Дзержинский, Калинин секілді атаулардан арылу. Бұл атаулардың біздің елімізге еш қатысы жоқ. Бұл президенттік аппараттың хатында тайға таңда басқандай жазылған. Дос Қалмаханұлының айтуынша, еліміздің бас қаласы – Алматыда мұндай көше атаулары түгелімен ауыстырылыпты.
Қазақ жері түрлі тарихи оқиғаны бастан кешкені белгілі. Елімізге өзге ұлт өкілдері түрлі жағдаймен қоныстанғанын да тарихтан білеміз. Бірі – Қазақстанға жер аударылса, енді біреулері тың игеру жылдарында көшірілген. Олар өздері қоныс тепкен ауыл, елді мекендерге тарихи отандарымен байланысты атаулар берген екен. Полтавка, Астрахановка, Покровка сынды атаулар осылай пайда болған. Енді сол аймақтарға тарихи атауларын қайтару мәселесі де қолға алынған. Бұл – ономастикалық жұмыстардың келесі бағыты. Енді бір бағыт – көше, елді мекен, жер-су атауларын елімізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерімен атау. Қанша жерден атақ-даңқы болса да, қазақ еліне қатысы жоқ адамдардың есімдерімен аталатын атауларды ауыстыру жұмыстары да басталып кеткен.
Дос Көшім ономастика жұмысын орысша атауларды қазақыландыру деп түсінбеу керектігін баса айтты. Себебі, түрлі жағдайларға байланысты қазақ атауларын да ауыстыруға тура келеді. Қоғам қайраткері біздің өңіріміздегі атауларға қатысты да өз ойын білдірді.
– Кейбір орыс тіліне аударылған қазақ атаулары тәуелсіздік жылдарында қайтадан қазақ тіліне аударылғанда, өзінің түбірінен, негізінен айырылып қалады. Сіздердің облыстарыңыздан сондай екі атауды кездестірдім. Бөрлі және Дариян. Қазақта «бөрлі», «дариян» деген сөз жоқ, бөрілі және дария болуы керек. Қазақ тілінің заңы бойынша, бұл – үлкен қателік. Қаланың Орал-Уральск деп екі тілде аталуы да қисынға келмейді, бір ғана атау болуы керек, – деді Дос Қалмаханұлы.
Кездесуге қатысқан оралдықтарға ономастика мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірген «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім:
– Мұның барлығы оңай жұмыс емес. Бұл жерде жергілікті тұрғындардың әртүрлі көзқарасы бар. Біреу қолдайды, біреу қарсы болады. Кей елді мекендердің тарихи атауларын қайтару да зор еңбекті қажет етеді. Ол атаулардың географиялық картада белгіленгенін дәлелдеуіміз керек. Тарихшылардың жұмыстануына тура келеді. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы Зыряновск қаласының «Алтай» деген тарихи атауын осындай дәлелді себептермен өзгерттік. Тарихи ақиқат өзінің орнын табуы тиіс, – деді.
Облыс аудандарын аралап келген тілші-ғалым, қоғам қайраткері жергілікті тұрғындармен кездесіп, осындай мәселелерді жан-жақты талқылағанын жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар мейманға өз сауалдарын жолдаса, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұханғалиев елді мекен, көше атауларына байланысты халықпен кездесу барысында туындайтын кейбір мәселелерден хабардар етті.
Ләззат ҚАЖЫМОВА