Бүгін қала әкімдігінде өткен қалалық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша комиссия отырысында осы мәселе жан-жақсы талқыланды. Жиынды қала әкімі Мұрат Мұқаев жүргізіп, өрт пен судан сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.
Жаз маусымында «тілсіз» жаудан келетін қауіп көп. Биылғы жылдың өзінде оралдық бір жасөспірім Жайық өзеніне суға кетіп қалған. Ал күні кеше Қарағанды қаласында қатты желге шыдас бермеген үрлемелі батуттың аударылуы салдарынан 12 жастар жеткіншектің өлім құшқаны – көптің есінде. Кеше Нұр-Сұлтан қаласында тоғыз жасар қыздың «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығында суға кету оқиғасы тіркелді. Осындай қайғылы жағдайлар бейқамдық танытпай, қауіпсіздік шараларын әлі де күшейтуді міндеттейді.
Комиссия отырысында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Амангелді Ешмұханов, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Исатай Джазыкбаев, білім беру бөлімінің басшысы Асан Нарымбаев баяндама жасап, өз салалары бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында жасалған жұмыстарға тоқталды.
Төтеншеліктер жауапты мекемелермен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін сақтау және суға шомылу маусымында адам қазасын болдырмау мақсатында рейдтерге шығу, тұрғындарға жадынамалар тарату, саяжайларды аралау, оқушылармен және студенттермен түрлі шаралар өткізу, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандыру, су жағалауларын тазарту секілді жұмыстарды жүйелі ұйымдастырған. Дейтұрғанмен, тұрғындар арасында белгіленбеген орындарға суға шомылу оқиғалары тыйылмай келеді. Мұндай жауапсыздықтың кесірінен 2017 жылы – екі, 2018 жылы – бес адам «тілсіз» жаудың құрбаны болған. Ал қала әкімінің қаулысымен белгіленген бес жағажай әлі толықтай тіркелмеген. Әзірге «Еуразия» демалыс орталығы мен қалалық саябақтағы жағажайлар ғана тіркеуден өткен. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысы Амангелді Махметұлы осындай мәліметтерден хабардар етті.
Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау да – маңызды міндет. Осы ретте кәсіпкерлік бөлімінің мамандары апта сайын балаларға арналған ойын аттракциондарының қауіпсіздігін қадағалап, медициналық және өрт сөндіру жабдықтарын тексеріп отырады. Соның ішінде кішкентайлар асыр салып ойнағанды жақсы көретін батуттарды қауіпсіз деп айтуға болмайды. Шаһардағы 12 батуттың жетеуі қазіргі таңда жұмыс жасап тұр. Ал бесеуінің жұмысы заңды талапқа сай емес. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Исатай Елубайұлы мәлімдеді.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Асан Маратұлының айтуынша, мектеп оқушыларының 88 пайызы жазғы демалыс шараларына тартылған. 1500 оқушы «Атамекен» лагерінде, 600-дей жеткіншек шатырлы лагерьлерде тынығады деп жоспарланған. Бірінші кезекте, әрине, олардың жазғы демалыстарының қауіпсіз өтуіне көңіл бөлінеді.
Жиынды түйіндеген қала әкімі Мұрат Мұқаев заңсыз батуттардың жұмысына тосқауыл қоюды тапсырды. Сонымен қатар балалар лагерьлерінде суда жүзу бойынша нұсқаушылардың болуы, бассейндердің тазалығы, жедел жәрдем қызметімен қамтылуы сынды жайттарға назар аударды.
– Тұрғындар мен балалардың қауіпсіздігі – басты мәселе. Сол үшін қолдан келген шараларды жасауымыз керек. Дала, орман өрттерінен сақтануымыз керек. Сол себепті қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына тәулік бойына кезекшілік қойылды. Жалпы әрбір жауапты қызметкер өздеріне бекітілген аумақтың қауіпсіздігін қалт жібермей, қадағалауы тиіс, – деді Мұрат Рахметұлы.
Ләззат ҚАЖЫМОВА