Биылғы 26-29 мамыр аралығында Атырау қаласында өткен республикалық халық театрлары фестивалінде облысымыздың намысын қорғаған Қазталов ауданындағы М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық театры «Үздік спектакль» номинациясын иеленіп қайтты.
Атырау облысы әкімдігі мен Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған фестиваль Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, Атырау өңірінде халық театрын алғаш құрушылардың бірі Нариман Үлкебайұлының 80 жылдығына арналды. Халық театрлары арасындағы театр өнері байқауына Түркістан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Қарағанды облыстарының шығармашылық ұжымдары қатысты.
Фестивальде облысымыздың мәдениетінің мерейін үстем еткен Жалпақтал халықтық театры үздік өнерлерімен ерекшеленді. Нәтижесінде шығармашылық жетістіктері мен шеберліктері үшін өнер саңлақтарынан құралған қазылар алқасының оң бағасына ие болып, «Үздік спектакль» номинациясы мен 300 мың теңгені қанжығаларына байлады. Жерлестеріміз бұл байқауда көрермен назарына Иран-Ғайыптың «Портмоне немесе былыққа батқан қала» атты экологиялық хикаясын ұсынған.
– Біз бұл сапардан жеңіспен ғана емес, өз ісімізге деген айрықша сүйіспеншілікпен жақсы көңіл күйде оралдық. Шабытымыз еселене түсті. Театр өнеріне деген қызығушылығымыз артып, жауапкершілігіміз күшейді. Таза өнер мен шынайы талант иесі тасада қалмайтынын ұқтық, – дейді Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал мәдениет үйінің әдіскері, қойылым режиссері Анар Мусина.
Биыл қыркүйек айында 60 жылдық мерейтойларын атап өтетін М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық театры республика деңгейіндегі үлкен шараға екінші рет қатысқан. Қазіргі уақытта театрда жастар көптеп өнер көрсетіп жүр. Олар кәсіби актер болмаса да, өздеріне берілген кейіпкерді барынша сезінуге тырысып, халықтың жүрегіне жол табу үшін аянып қалмайды. Бұл жолғы жеңістері – соның дәлелі іспетті.
Атырау сахнасында көрсетілген қойылымның тұсауын жалпақталдықтар бұған дейін Бөрлі ауданындағы «Мұрагер» халықтық театрының бес жылдық мерейтойына арналған аймақтық фестивальде кескен екен. Ол кезде де актерлердің сахнада ойнауы, автордың ойын көпшілікке жеткізу шеберліктері қазылардың көңілінен шыққан.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ