Мектеп-гимназия түлектерінің тартуы

Өңірімізде түлектердің туған жеріне, жерлестеріне жақсы тарту жасап, жергілікті жұртшылықтың кәдесіне жарар істерді жүзеге асырып жүргеніне бәріміз куәміз. Солардың бірі – Қазталов ауданына қарасты Қараоба ауылы мектебінің 28-ші түлектерінің биылғы игілікті ісі.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да ел жұртшылығының пайдасына қызмет етіп, елеулі оқиғалар қатарын көбейтуде. Осы ретте аталмыш бағдарламада көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосқан қараобалық түлектер биылғы 25 мамырда туған жерлеріне ат басын тіреп, жерлестерін қуантты.

Жиырма жыл бұрын Ғұмар Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының қабырғасынан түлеп ұшқан қыз-жігіттер ауылдастарына балалар ойын алаңын тарту етті. Оған қоса «Балдәурен» деген әдемі атауды иеленген жаңа ойын алаңының сәнін келтірер кішкентай бүлдіршіндерге тәттілер сыйлады. Сонымен қатар қасиетті Рамазан айында ораза тұтып жүрген ауылдастарына арнап мешітте ауызашар дастарханын жайды.

– Мектеп түлектері ауылымызға келіп, үлкен мереке жасады. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ. Жазғы демалысқа шыққан жеткіншектер енді ойын алаңында бас қосатын болды. Өте ризамыз, – деді ауыл тұрғыны Ляля Молдашева.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *