Балалардың күлкісі саябақтың сәнін келтірді

Халықаралық балаларды қорғау мерекесі қарсаңындағы шараны қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың қолдауымен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырды. Мерекеге жиналған 200-ге жуық бүлдіршінге қала әкімі Мұрат Рахметовтің құттықтауын жеткізген әкімнің орынбасары Бақытжан Нарымбетов: – Балалар – біздің болашағымыз. Әрбір ата-ана өз перзентінің дені сау, болашағы жарқын болғанын қалайды. Біз де бүлдіршіндерге бақытты балалық шақ тілейміз. Халықаралық балаларды қорғау мерекесін бүлдіршіндер асыға күтеді. Сіздерді және ата-аналарыңызды осы тамаша мейраммен құттықтаймын. Балаларымыз аман болсын, – дей келе, бұл күнгі барлық сый-құрмет шаһарымыздың кішкентай тұрғындарына арналатынын айтты.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен, театрландырылған қойылымдармен және түрлі ойындармен жалғасын тапты. Бұдан әрі мереке иелері саябақта түрлі ойын атракциондарында тегін ойнап, суда теплоходпен серуендеді.

– Балалар мерекесінің көңілді өтуіне қалалық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер де атсалысты. «Инватакси» қызмет көрсетуде. Сонымен қатар шараға келушілерге жәрдемдесіп жүрген Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі еріктілерінің қайырымды ісін айрықша атап өтуге болады. Біздің басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамның назарын аударту. Себебі оларды да мазалайтын мәселелер жоқ емес. Айталық, қаламыздағы кәсіпкерлік нысандары, халыққа қызмет көрсету орындары, сауда-ойын-сауық орталықтары бұл санаттағы адамдар үшін толықтай қолжетімді емес. Мысалы, ғимараттарда пандустар, көзі нашар көретіндерге арналған дабылдар болуы керек, – дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерлан Галиев.

Аталмыш бөлімнің мәліметінше, Оралда 16 жасқа дейінгі – 1295,16-18 жас аралығындағы 113 мүгедек бала тұрады. Ағымдағы жылы осы санаттағы 310 жеткіншекке әлеуметтік көмек көрсетілген.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *