Пара алу да, пара беру де – абыройыңа сызат түсіреді

Бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында осы мәселе сөз болды. Баспасөз мәжілісіне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Салиева аталмыш жобаның жүзеге асырылу барысы жайлы баяндады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесе қолға алған жемқорлыққа қарсы «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасының мақсаты – тұрмыстық жемқорлықты жою, мемлекеттік мекемелерде қолайлы жағдай қалыптастыру, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру. 2018 жылдың қараша айында бастау алған бастау алған жоба биылғы жыл басынан бері белсенді жүзеге асырыла бастапты.

«Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік мекемелердің қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында азаматтардың ұсыныстарына да назар аударады. Жобалық кеңсенің басшысы Әлия Өтемісқызының айтуынша, жоба аясында әрбір сала бойынша жұмыс топтары бекітілген. Алайда бастапқыда білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары саласына басымдық беру көзделген. – Үстіміздегі жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. 2018 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг  қорытындысын ескерсек, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларының аталған «індетке» бейім екені байқалды. Осы ретте кеңсемізде қаралатын мәселелерді толықтай зерделеп, шешімін табу тетіктерін қарастырамыз, – дей келе, кеңсе басшысы жасақталған жоспар шеңберінде атқарылған бірқатар іс-шараларға тоқталды. Соның бірі – «Пара беру – сатқындық» атты ауқымды акция жүргізушілердің жол полициясы инспекторларына пара беру фактілерінің алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар қала ішіндегі автокөлік, жаяу жүргіншілер жолдарына қажетті белгілер орнату жұмыстары да тұрғындардың сұранысына орай кешенді түрде жүргізілуде.

Білім саласында ата-аналардың педагогтарға сыйлық беруі, оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы мәселесіндегі мемлекеттік тапсырыс жайы да – адалдықты көздеушілердің назарынан тыс қалған емес.

«Қала мектептеріндегі тамақтануды ұйымдастыру қызметін жеткізушілерді анықтау бағытындағы байқауларды өткізу мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Бұл үрдісте де түрлі келеңсіздіктер орын алғандықтан, аталған қызмет түрін жаңа жүйе бойынша реттеу ұсынылды», – деді Әлия Өтемісқызы. Тағы бір айта кетерлігі, инспекциялау және кабинеттерді оңтайландыру мониторингі бойынша қалалық білім беру бөлімі басшысы мен бес мектеп директоры өздерінің жұмыс бөлмелерін ауданы шағын орынға ауыстырған. Бұл жұмыстар өзге мемлекеттік мекемелерде де жалғасын таппақ.

Ал медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында өңірдегі барлық денсаулық сақтау мекемелерінде мониторинг жүргізілген.

Өңірімізде жоба аясында 95 «Адалдық дүкені» ашылған. Сатушысы жоқ мұндай сауда нүктесі де азаматтардың жең ұшынан жалғасқан жемқорлық дертімен күресу сауаттылығын арттыра сөзсіз.

«Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі облыс әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Мемлекеттік қызметтер алу кезінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық көріністеріне, әкімшілік кедергілерге және бюрократияға тап болған азаматтар жоба кеңсесіне хабарласа алады. Анықтама телефоны: 50 33 07. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жасалып жатқан жұмыстармен танысуға мүмкіндік бар.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *