7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне байланысты «Бойтұмар» мәдени клубы, «Спорт» мүгедектер қоғамы,«Жеңіс» қоғамдық бірлестігі бірлесе «Әкеге қарап ұл өсер…» деген тақырыпта шеберлік сайысын ұйымдастырды.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен шараның басты мақсаты — халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, жөн-жоралғыларын азаматтарымыздың бойына сіңіру, батыл, намысты ұлдар тәрбиелеу, ата-баба дәстүрін құрметтеуді үйрету, атамекеніне деген сүйіспеншілігін арттыру. Аталмыш сайысқа «Спорт» мүгедектер клубының директоры Азон Шаймарданов, «Жеңіс» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгүл Хасанғалиева,«Бойтұмар» мәдени клубының спорт әдіскері Динар Неталиев төрелік етті. Ал «Бойтұмар» мәдени клубының өнерпаздары Темірболат Садиров немересі Абылай Сағындықұлымен, Жұмабек Ишанғалиев інісі Мәжит Миржанмен,«Жеңіс» қоғамының мүшелері Асқар Бакесов ұлы Сәлімжанмен, Бауыржан Өмірғалиев інісі Жасұланұлы Исламмен сайысқа қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Бес бөлімнен тұратын шараның көркін қыздырған сайыскерлер көрерменкөңілінен шығу үшін бар өнерлерін ортаға салып, түрлі сынақтардан өтті.
Үміткерлердің бірі өнерімен тамсандырса, екіншісі — ісмерлігімен, үшіншісі шапшаңдығымен таңқалдырды. Нәтижесінде Б.Өмірғалиев пен інісі Ислам — «Көрермендер көзайымы», Т.Садиров пен немересі Абылай — «Білімді әке мен бала», Ж.Ишанғалиев пен інісі Миржан — «Өнерлі әке мен бала», А.Бакесов пен ұлы Сәлімжан — «Қамқор әке, бақытты бала» номинацияларын иеленді.
Шара барысында «Бойтұмар» мәдени клубының өнерпаздары Сәния Шүкірғалиева, Мәншүк Суфығалиева, Айымгүл Жақсылықова, Светлана Жұмағалиева әсем әндер орындап, кештің шырайын келтірді.
Алма ҚҰСЕКЕН,
«Бойтұмар» мәдени клубының меңгерушісі