«Осы аптада «Бастау» коворкинг орталығында «Рамазан — мейірімділік айы» деген атаумен кездесу кеші өткізілді» деп хабарлайды «Тәжиден Батырұлы мешітінің» баспасөз қызметі.
Орал қаласындағы Тәжиден Батырұлы мешітімен облыстық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған кездесуге ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Е.Қарақұлов, Тәжиден Батырұлы мешітінің ұстаздары Ә.Раманқұлов, Е.Құмаров қатысты. Алдымен сөз алған ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Е.Қарақұлов ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қасиетті рамазан айы қарсаңында айтқан үндеуіне тоқтап, күллі мұсылман қауымы асыға күткен рамазан айының артықшылығы туралы сөз қозғады. Өкіл имам өз сөзінде:
«Ораза деген таңертеңнен кешке дейін аш жүру деген сөз емес, ораза — бұл рухани құлшылық. Адам өз-өзін тәрбиелейді. Оразада ауыз бекітіп қана қоймай, күнәдан тазару керек. Көзін, құлағын, тілін, қолын, аяғын — бүкіл ағзасын күнәдан тыю қажет. Яғни, адам отыз күн бойы жаман істерден тыю арқылы өзін тәрбиелейді. Адам бір ай бойы бір нәрсемен шынықса, кейін басқа уақытта да сол әдеті қалады ғой. Сол сияқты Оразадан кейін да адам жақсы ой мен ізгі істерге ұмтылып, рухани жаңғыру керек», — деді.
Тәжиден Батырұлы мешітінің ұстазы, теолог маман Әсет Раманқұловтың айтуынша,өңірімізде жыл сайын Рамазан айында ауыз бекітетін адамдар көбейіп келеді. Олардың қатарында, әсіресе, жастар көп. Ал ораза кезінде дінге бет бұратындар аз болмайды. Сондықтан осы уақытта түсіндіру, ақпараттандыру жұмысын сауатты жүргізу маңызды. Ұйымдастырылып отырған шараның да басты мақсаты — осы.
«Артық салмақтан арылу, диета үшін, немесе біреуге еліктеп, болмаса сән болсын деген сияқты жағдайларда оразаның сауабы болмайды. Бір Алланың ризашылығы үшін ораза ұстауымыз керек. Бірақ тамақ пен судан шектелген соң, адам белгілі бір деңгейде салмақ тастайды. Оразаның денсаулыққа да пайдасы өте көп. Ағзаның тазарып, бір жыл бойы тынымсыз жұмыс істеген ас қорыту жүйесінің дем алып, ретке келуіне мүмкіншілік болады. Ағза жақсы жұмыс істесе, денсаулық жақсаратыны анық», — деп әңгімеледі Әсет Раманқұлов.
Тәжиден Батырұлы мешітінің ұстазы Ерген Құмаров оразаның мәнін дұрыс түсіне білуге шақырды. Алланың ризашылығы үшін емес, басқа ниетпен ауыз бекіткен адамға оразаның сауабы болмайды.Тағылымы мол шараға қатысқан жастар ұстаздарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.