Ақ Жайыққа гастрольдік сапармен келген «Astana Musical» мемлекеттік театры батысқазақстандық көрерменнің шексіз ықыласына бөленуде.
Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында журналистермен жүздескен театрдың көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров пен жас актер Оразалы Игілік және актриса Инабат Ризабекова өнер ордасының жалпы тынысы, сапар барысы жайлы әңгімеледі.
«Мемлекеттік театр осыдан үш жыл бұрын Елбасының жастарды қолдау бағытындағы идеясымен, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ашылды. Елімізде өнер мен мәдениет саласы — үлкен даму жолында. Ал мюзикл жанры — жастардың сұранысын қанағаттандырады. Театрымыздың репертуарында алты қойылым бар. Жетпіс адам қызмет етеді. Мюзикл жанрына баса тоқталған талантты режиссер бұл өнер түрі актердан ән айтуды, образға енуді, би билеуді және акробатикалық қабілетті талап ететінін айтты», — деді Асхат Максимұлы.
Өңірдегі елордалық театрдың гастрольдік сапары «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен ашылған. Мұның өзі кездейсоқтық емес. Себебі Ақ Жайық — атақты қыз Жібектің елі болғандықтан, өңір жұртшылығы осы қойылымды тебіреніспен қабылдары сөзсіз. Театрдың тағы бір жаңалығы — Жайық жерінде тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартатын жаңа қойылымы. Ол — «Шәмші» мюзиклі. Театр ұжымы премьераны не шетелде, немесе еліміздің бір қаласында өткізуді дәстүрге айналдырыпты.Сонымен қатар ақиық ақын М.Мақатаевтың шығармашылығынан сыр шертетін «Ғашық жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымының да өз салмағы бар. Біздің өңіріміздегі өнер сапарын 3 мамыр күні Сырым ауданында түйіндейтін «Astana Musical»мемлекеттік театры одан әрі Ақтөбе облысына жол тартуды жоспарлап отыр.
Гастрольдік сапар барысындағы әсерлерімен бөліскен театр актері Оразалы Игілік пен актриса Инабат Ризабекқызы батысқазақстандықтардың өнерге деген құрметіне таңданыстарын жасырмады.
«Халықтың қошеметіне бөленудеміз. Үлкен кісілер сахнаға шығып, біздің ұжымға алғыстарын айтуда. Бірінші рет сахнада тұрып, оралдық көрерменнен сыйлыққа кітап алдық. Мұның өзі — үлкен көрегенділік», — деді Оразалы Амандықұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәжілісінің соңында актер Оразалы Игілік қолына домбырасын алып, «Молдабайдың әнін» әуелете шырқап берді.