ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев осы аптада Ақжайық өңіріне арнайы іссапармен келді.
Құрметті мейман Орал қаласындағы «Тәжиден Батырұлы» мешітінде болып, ақшам намазынан кейін жамағатпен жүздесіп, «Пайғамбарымыздың заманындағы көркем-мінездің қалыптасуы және қазіргі таңдағы мұсылманның келбеті» тақырыбында уағыз айтты.
Наиб мүфти өз сөзінде: –Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және тәлім-тәрбиесінде өскен адал сахабалар өз өмірлерін басқалардың бақыты үшін арнауды үйреткен. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Жомарт – Аллаға, жəннəтқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс. Сараң – Алладан, жəннəттан және ел-жұрттан алыс, жаһаннамға жақын» деу арқылы мұсылмандарды өзгеге қамқор болуға шақырды» деп, өзінің сүбелі ойларын ортаға салды. Жалпы мұсылман өзгеруді өзінен бастау керектігін айтып, Құран Кәрімде көрсетілгендей жақсылық жасауда жарысуға шақырды.
Әсерлі, рухани уағыздан кейін барша жамағат наиб мүфти Алау Әділбаевқа алғыстарын айтып, естелік суретке түсті.
Қалалық «Тəжиден Батырұлы» мешітінің баспасөз қызметі