Өнерге қанат қаққан «Армандықтар»

Қаламызда қазіргі таңда мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты жиырмаға жуық балалар аула клубы қызмет етеді. Солардың бірі — ­­­­«Арман» балалар аула клубы. Аталмыш клубтың құрылғанына биыл 15 жыл толмақ.

Мақсаты ­— балаларды әдістемелік-адамгершілік бағытта тәрбиелеу, жеке қасиеттерін дамыту, өнерге баулу, салауатты өмір салтын ұстануға үйрету. Жыл сайын орталықта мыңнан аса бала тәрбиеленеді.

Қазіргі таңда аула клубында балалар мен жасөспірімдерге әр түрлі саладағы үйірмелер қызмет етуде. Вокалдық өнер бойынша Светлана Сәлімжанқызының «Әсем әуен» ән үйірмесі өнерге қабілетті жас буындарды сахнаға дайындайды.  Гауһар Берікқызы жетекшілік ететін «Сөз сыры» үйірмесі жас жеткіншектерді аталы сөздің парқын ұғынуға үйретіп келеді. Аталмыш үйірмеге қатысушылаар көркемсөз байқауларынан әр кез олжасыз қайтпаған. Тәрбиеленушілерді еңбекке баулитын қолөнер үйірмесіне (жетекшісі Л.Кереева)  келуші ер балалар қатары көп. Бұл жерде ағаш жону мен оюды әр қилы үйретіп қана қоймай, ұлттық төл аспаптарды жасауды меңгертіп жатыр. Сонымен қатар оларды  журналистика саласының блогерлік қырына бағыттайтын үйірме де жұмыс жасауда. Аула клубына келушілердің спорттың кез келген түрімен айналысуға мүмкіндігі бар. Ата-аналардың сұранысына орай алдағы уақытта би мен ағылшын тілінен үйірме ашу жоспарланып жатыр.

«Біздер бүгін «Арман» және «Жас шебер» аула клубтары арасында арнайы жоспарланған шығармашылық кеш өткізудеміз. Бүгінгі күнге дейін оқушыларымыз үлкен сахналарда өнер көрсетіп келеді.  Бұл орталықтың тәрбиеленушілер үшін маңызы зор», — деді «Арман» балалар аула клубының меңгерушісі Светлана Бисенғали.

Кеш тәрбиеленушілері әсем әннен шашу шашып, мың бұрала би биледі. Өнерге қанат сермеген жас буын төкпелетіп күй тартып, шабыттана жыр оқыды.

Мерекелік концерт барысында сөз алған   қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы Медет Мерғалиев:

«Биылғы жылдың ақпанынан бастап әр балалар аула клубы жеке-дара концерт беріп бастады. Осы орталыққа балаларын апарып, одан үміт күту — ата-ананың еңбегі. Ал үміт арқалап келген жас өренге түзу бағыт сілтеуші клуб қызметкерлеріне осы тұста алғыс айтуымыз керек» , – деді.

Мерекелік кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ата-аналар мен кәсіпкерлерге мәдени-ағарту бірлестігінің атынан алғыс хаттар табысталды. Шара бүлдіршіндер мен ұстаздарының қосыла шырқаған әуезді әнімен түйінделді.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *