12 сәуір — ҚР ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Мереке 2011 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. Мерекелеу күні — 12 сәуір деп бекітілуі бекер емес. Дәл осы күні қазақ академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген.
Атаулы мерекеге орай қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бірінші облыстық «Ғылым. Интеллект. Болашақ» атты ғылыми-практикалық оқушылар конференциясы өтті. Шара «Бестік Одақ» жобасының аясында ұйымдастырылды. Конференцияның мақсаты — оқушылардың зерттеу қабілеттерін дамыту, ғылымға деген жаңашыл шығармашылық көзқарастарын қалыптастыру, әлемді өзгертуге дайын жас ғалымдардың жетістіктерін дәріптеу.
Өткен жылдың күзінде қолға алынған жобаға Назарбаев зияткерлік мектебі, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені, Орал «Білім-Инновация» мектеп-лицей-интернаты, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты мен дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектептері өзара «Бестік одақ» меморандумына мүше. Бұл бастамадан кейін ұстаздар тәжірибе алмасып, оқушылар арасында түрлі шаралар өтіп келеді.
«Бүгінгі конференцияда 120 оқушы 11 бағытта түрлі жобалар ұсынды. Көпшілігі математика, физика, химия ғылымдары саласында қызықты тақырыптарды қорғап жатыр. Бұл шараның негізгі мақсаты – 7-9 сынып оқушыларының ғылымға деген көзқарасын ояту», — деді Назарбаев зияткерлік мектебінің директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Дулат Тұрарбеков.
Конференцияға екі жүзден аса оқушы қатысса, оның 120-сы өз жобаларын ұсынды. Солардың бірі — Айша Жоламанова мен Арсен Есенғалиев. Жас ғалымдар бір апта ішінде іріктеуші құралды жасап шығарған. Іріктеуші құрал заттарды түсі мен қасиетіне қарай топтайды. Олар бұл құрылғыны зауыттар үшін таптырмас құрал деп есептейді.
Ғылымға бет бұрған оқушыларға шара соңында ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар табыстады.
Гүлзинат ҚИБАТОВА