Орал қаласының күніне орай қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама аясында спорттық жарыстардан бастап халықаралық этнофестивальге дейінгі түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі.
7-11 қыркүйек күндері «Жайық Арена» спорт кешенінде Орал қаласы әкімінің жүлдесіне арналған волейболдан дәстүрлі «Достық – Дружба» XVIII қалааралық турнирі өтеді. Жарысқа түрлі өңірлерден келген спортшылар қатысып, волейболдан шеберліктерін сынайды. Турнир сағат 10:00-де басталады. Өтетін орны: Самал көшесі, 134, «Жайық Арена» спорт кешені. Ашылу салтанаты 10 қыркүйек күні сағат 12 :00 – де.
9 қыркүйек күні сағат 17:00-21:00 аралығында П.Атоян атындағы орталық стадионда мемлекеттік қызметшілер мен түрлі сала өкілдерінің қатысуымен «Show матч» футбол ойыны ұйымдастырылады. Аталған спорттық іс-шара салауатты өмір салтын насихаттап, әр сала өкілдері арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
10 қыркүйек күні «Орал» спорт кешенінде қала күніне орай «ORAL CUP – 2026» арқан тартыстан II ашық қалалық турнирі өтеді. Жарыс сағат 12:00-20:00 аралығында ұйымдастырылады. Турнир ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, бұқаралық спортты дамытуға және қала тұрғындарының спорттық белсенділігін арттыруға бағытталған. Ашылу салтанаты сағат 17:00- де.
10 қыркүйек күні сағат 13:00 ҚР Тұңғыш Президенті алаңында қала күніне орай «Сапалы өнім 2026» қалалық көрме – жәнрменкесі өтеді. Көрме – жәнрменкеде жергілікті тамақ өнімдерінің кең көлемі қала тұрғындарына ұсынылатын болады.
12 қыркүйек күні сағат 10:00 де қала тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – Ақжайық шағын ауданындағы № 24 тұрғын үйдің ашылу салтанаты өтеді.
12 қыркүйек күні мерекелік бағдарламаның басты мәдени шараларының бірі –ҚР Тұңғыш Президенті алаңында өтетін I Халықаралық «JAIYQ SAZY» этнофестивалі. Этнофестиваль сағат 20:00-23:00 аралығында ұйымдастырылады. Ауқымды мәдени шараның мақсаты – ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, сондай-ақ түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен шығармашылығын таныстыру арқылы достық пен бірлікті нығайту.
Фестиваль аясында көрермендерге этникалық музыка, ұлттық өнер және заманауи шығармашылық бағыттарды қамтитын концерттік бағдарлама ұсынылады. Халықаралық деңгейдегі шараға өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуы жоспарлануда.
13 қыркүйек күні Ақжайық ат шабар алаңында сағат 08:00-14:00 аралығында қала күніне арналған «Жайық жүйрігі – 2026» атты бәйге түрлерінен Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты өтеді.
Ат спорты жанкүйерлері үшін ұйымдастырылатын жарыс ұлттық ат спортының дамуына серпін беріп, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық ойындарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
