Орал қала күніне арналған іс-шаралары

Биылғы Қала күніне арналған іс-шаралар қыркүйек айының алғашқы күндерінен басталып, негізгі мерекелік бағдарлама 12–13 қыркүйек күндеріне жоспарланып отыр. Жалпы, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 30-ға жуық мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шара өткізіледі. Мерекелік шаралар қаланың барлық аудандары мен кенттерін қамтиды.

Биылғы бағдарлама мәдениет, спорт, кәсіпкерлік және қоғамдық бағыттарды қамтып, тұрғындарға мазмұнды демалыс сыйлауға бағытталған.

Мәдени шаралар легі аясында 12 қыркүйек күні сағат 20:00-де ҚР Тұңғыш Президенті алаңында жаңартылған форматтағы «ZHAIYQ SAZY» этно-концерті өтеді.

«Жайық сазы» бұған дейін де ұйымдастырылып келген дәстүрлі мәдени шаралардың бірі. Биыл фестивальдің мазмұны кеңейтіліп, бағыты жаңартылды. Негізгі мақсат – ұлттық өнерді дәріптеу, өңірдің мәдени әлеуетін таныту және Оралды заманауи әрі тартымды мәдени орталық ретінде көрсету.

Сонымен қатар 12 қыркүйек күні Ақжайық шағын ауданында жаңа тұрғын үйдің ашылу салтанаты және кәсіпкерлердің қолдауымен абаттандырылған үш жаңа сквердің ашылуы жоспарланып отыр.

Спорттық шараларға тоқталсам, 7–11 қыркүйек күндері волейболдан дәстүрлі «Достық – Дружба» XVIII қалааралық турнирі өтеді. Қала әкімінің жүлдесіне арналған жарысқа еліміздің бірқатар қалаларынан және Ресей Федерациясынан жас спортшылар қатысады. Турнирдің ашылу рәсімі 10 қыркүйек күні сағат 12:00-де «Жайық Арена» спорт кешенінде өтеді.

Сол күні ҚР Тұңғыш Президенті алаңында арқан тартыстан «ORAL CUP – 2026» II ашық қалалық турнирі ұйымдастырылады. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылатын «Сапалы өнім» көрмесі өтеді.

13 қыркүйек күні сағат 10:00-де «Ақжайық» атшабарында «Жайық жүйрігі – 2026» атты бәйге түрлерінен Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты өтеді. Шабандоздар аламан, топ және құнан бәйге бойынша бақ сынайды. Жарыстың жүлде қоры да қомақты: аламан бәйгенің жеңімпазына пәтер, топ және құнан бәйгелерінің жеңімпаздарына автокөлік табысталады.

Бұл шаралар ұлттық спортты дәріптеп қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлайды деп сенеміз.

Қала күні – туған қаламызға деген сүйіспеншілікті арттырып, оның жетістіктерін бірге атап өтетін маңызды мереке.

Орал қаласының күні құтты болсын!

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *