СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ПАЛАТАНЫҢ ЖОЛДАУДА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕРДЕН ТУЫНДАЙТЫН ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ТУРАЛЫ АЙТТЫ

5 қыркүйекте Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген тапсырмалардан туындайтын заң шығару қызметіндегі және мәслихаттармен жұмыс барысындағы міндеттерді талқылады. Сондай-ақ олар депутаттық сауалдарын жолдады.

Палатаның жаңа сессиядағы алғашқы отырысын ашқан Мәулен Әшімбаев Сенаттың алдағы жұмысы ел Президентінің Жолдауда айтқан бастамалары мен реформалары аясында жүргізілетінін атап өтті. Аталған стратегиялық бағыттарды іске асыру кезінде бюджеттік және әлеуметтік прагматизмге, инфрақұрылымды дамытуға, цифрландыруға және басқа да қағидаттарға баса мән беріледі.

«Кәсіпкерлер үшін тиімді шарттарды қамтамасыз ете отырып, салық режимдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Банк секторын экономикаға көбірек инвестиция салу үшін ынталандыру шаралары да қабылданады. Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың рөлі артып, ел экономикасына инвестиция тартуға және отандық өнеркәсіпті қолдауға бағытталған қосымша шаралар қолға алынады. Орта бизнес жаңа жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады. Сол арқылы 2029 жылға қарай орта бизнестің экономикадағы үлесін 15 пайызға дейін жеткізу үшін қолайлы жағдай жасалады. Мемлекет басшысы энергетика секторы мен көлік саласын дамытудың нақты жолдарын да айқындап берді», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Палата Спикері АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу және келесі жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте түсетінін айтты. Бюджет қаражатын тиімді жұмсауға, шығыстарды шектеуге және қатаң бақылауға арналған шаралар да қабылданады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауда берген тапсырмаларын іске асыру барысында оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аса маңызды міндет. Бұл жұмысты Сенат Мәжіліс пен Үкіметтегі әріптестерімен және сарапшылармен бірлесіп жүргізеді. Мемлекет басшысының Қазақстанның орнықты дамуына арналған барлық бастамасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында депутаттар Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын дамыту, коммерциялық банктердің қаражатын тарта отырып, агроөнеркәсіптік кешенді инвестициялау сияқты міндеттерге де көңіл бөлді. Жұмысшы мамандықтар тұжырымдамасының маңызы, еңбек құндылықтарын дәріптеу, ұлт денсаулығын нығайтуға арналған шаралар, азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту және білім беру сапасын арттыру бағытындағы басымдықтар да сөз болды. Экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Сондай-ақ сенаторлар отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Айта кетейік, құжат инфрақұрылым нысандарын салу үшін инвестиция тарту, кешенді басқару, салық салу, валюталық бақылау және өту тәртібі сияқты мәселелерді реттейді. Мақұлданған заң Қазақстан мен Қырғызстан арасында өндіріс, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Сұлтанбек Мәкежанов экономикаға салынатын инвестиция деңгейінін төмендеуіне назар аударып, инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктерді пайдаланудың тиімділігін сынға алды. Сондай-ақ ол кейбір жобалардың қаншалықты орынды екеніне де назар аударды.

Әсем Рахметова Қазақстанда интернет-алаяқтықтың белең алғанына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметті осы саладағы жазаны қатаңдатуға шақырды. Бұл ретте сенатор алдын алу шаралары үшін онлайн-платформалар мен жедел желілер әзірлеуді, жасанды интеллектті енгізуді және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын арттыруды ұсынды.

Әлібек Нәутиев Атырау облысында сметалық құнның өсуіне байланысты бірқатар бюджеттік инвестициялық жобаның құрылыс тоқтап қалуы мүмкін екенін айтты. Сенатор Үкімет басшысына жергілікті бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін ескере отырып, республикалық бюджеттен түзетулердің ұлғайтылған сомаларын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Руслан Рүстемов Қызылорда облысында күріш шаруашылығының дамуына кедергі келтіретін проблемаларды атап өтті. Сенатор қалыптасқан жағдайды шешу үшін ғылыми негізделген және инновациялық әдістерді енгізу керектігін айтты. Осыған байланысты ол Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми-техникалық инфрақұрылымын қайта құру жөнінде ұсыныс жасады.

Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысының тұрғындарымен кездесу кезінде көтерілген өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Депутат су басу аймағында орналасқан ауыл маңында Алакөл көлінің қоршау бөгеті жоқ екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ сенатор Балқаш көлінің жағалауындағы инженерлік желілердің жай-күйіне де ерекше назар аударды.

Арман Өтеғұлов агроөнеркәсіптік сектордың дамуын тежейтін проблемаларды атап көрсетіп, оларды шешу жолдарын ұсынды. Ол осындай шаралардың бірі отандық шаруалардың импорттық тұқымдарға тәуелділігін жою және экспортты ұлғайту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу екенін айтты.

Баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *