Спорт — денсаулық кепілі. Спорттың адам өмірінде, алатын орны зор. Ол адамның физикалық күшіне ғана емес рухани әлеміне де маңызды. Сол себептен де спортпен айналысатын адамдар саны бүгінгі күні өте көп. Сондай-ақ, біздің мемлекетімізде спортпен айналысуға деген барлық жағдайлар жасалуда. Бүгінгі таңда елімізде спорт саласы күннен күнге көтерілуде. Сонымен қатар , еліміздің әскери спорты жылдан жылға дамып келеді. Ұлттық ұланның әскер қатарында қызмет атқарып жүрген әскери қызметкерлерде ел намысын тек республикалық емес әлемдік ареналар да қорғап, еліміздің атын шығарып, абыройын арттыруда. Бүгінде біз редакциямызбен ел намысын арттыруға өз үлесін қосып жүрген Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Жандос Өтеғұловпен сұқбаттасқан болатынбыз.
- Қайырлы күн! Жандос мырза бүгінгі сұқбатымызды бастамас бұрын өзіңіз туралы қысқаша ақпарат айтып өтсеңіз?
- Армысыздар! Өзім туралы айта өтсем. Аты-жөнім Өтеғұлов Жандос Рахметтолаұлы 1990 жылы 22 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталовка ауданындағы Ақпәтер ауылында дүниеген келген болатынмын. Өзім Ақпәтердегі жалпы білім беретін мектепте білім алып, Орал қаласындағы Болашақ колледжіне дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын аяқтадым. Оқу орнын аяқтаған соң, Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде әскери борышымды өтеп, келісімшарт бойынша қызметке Орал қаласындағы 5517 әскери бөліміне орналастым. Ал, қазіргі таңда қызметіммен қатар Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жоғары білімімді алудамын. Тәмәмдаған мамандығым дене шынықтыру мұғалімі болғанымен өзім әскери қызметті ұнататынмын. Міне осылайша, бүгінде спорт пен әскери өмірді бірге алып жүрген жайым бар.
- Спорт пен әскери өмір үйлесімді байланыс екені сөзсіз. Ал сіз спорт саласына қалай бардыңыз? Басты себеп не болды? Ата-анаңыз бұл таңдауынызға қарсы болған жоқ па?
- Спорт саласына келуімнің еш құпиясы жоқ. Біздің ауылымызда сол жылдары тек күрес үйірмесі өте жақсы дамыған болатын. Әкемде жастайымнан спортқа баулып, өз-өзіңді қорғауға керек болады деп құлағыма құятын. Әлі, есімде ең алғашқы күрес залына әкем мені өзі жетектеп алып барған еді. Өзімнің жүрек қалауымен аяқ басқан залымды мен ешқашан ұмытпаймын. Ата-анамның ақ батасының арқасында бүгінде міне осындай дәрежеге жетіп отырғаным рас. Ең алғашқы жаттықтырушым Жеңіс Қанатұлы мен үшін көп еңбек етті. Жаттықтырушымның арқасында көптеген облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстарда топ жарып жүлделі орындардан көріндім.
- Ата-ананың балаға деген сенімі перзент бойындағы барлық күшті ашатыны рас. Ал, сіз әскери салаға қалай тап болдыңыз? Өміріңіздің арнасын бұл салаға бұру қиынға соқпады ма?
- Жалпы айтып өтсем, орта білімді аяқтаған соң мен өзімнің отан алдындағы борышымды өтеу мақсатында әскерге барған болатынмын. Өзімнің борышымды Алматы қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде өтедім. 1 жыл ішінде әскери қызметпен танысып өзімді тек жақсы жағымнан көрсете білдім десем де болады. Қызмет атқарып жүрген кезде келісімшарт бойынша қалуға ұсыныс түсті. Сол сәтте көп ойланбастап ұсынысты қабылдап 2014 жылдан бері Ұлттық ұлан сапына келісімшарт бойынша қызметке орналасып 10 жылға жуық өз жұмысымды атқарып келемін. Әскери қызмет маған ұнаған соң, көп ойланбастан өз өмірімді әскери салаға бұруға шешім қабылдадым. Қызметіме келер болсам, ешқандай қиындық жоқ. Бұл сала мен үшін бейтаныс емес десемде болады. Қазіргі таңда қызметімді жақсы , адал әрі ешқандай қиындықсыз атқарып келемін деп айта аламын.
- Отанға деген ыстық махаббатыңызды оятып, сізді осылай тәрбиелеген ата-анаңызға көп көп рақмет! Өзіңіздің отбасыңыз туралы айта өтсеңіз? Өзіңіз отбасы құрғансыз ба?
- Әкем Өтеғұлов Рахметолла ауылда жүргізуші қызметін атқарған. Ал анам Өтеғұлова Кенжеханым үй шаруасымен айналысып, бізге тәлім-тәрбие берген. Қазіргі таңда өздерінің қызметтерін аяқтап, еңбек демалысына шыққан. Отбасымда 6 баламыз. Мен үйдің 5 ші перзентімін, Алдымда 2 ағам 2 әпкем, ал артынман ерген бір інім бар. Жалпы көпбалалы отбасыдан шыққан жанмын. Өзіме келер болсам, иә отбасы құрғанмын. Қазіргі таңда, жан-жарым екеуміздің бір перзентіміз бар. Отбасыма мен ерекше көңіл бөлемін. Себебі, отбасымның арқасында мен үлкен жетістіктерге жетіп жүрмін.
- Жан-жарыңыз әскери қызметке қалай қарайды? Әскери қызмет пен спортты қатар алып жүруіңізге қарсы емес пе? Отбасыңызға қаншалықты жиі көңіл бөлесіз?
- Жан-жарым менің бұл қызметіме мүлдем қарсы емес. Керісінше әрдайым қолдауын көрсетіп, жұмысымнан келгенде жылы шыраймен қарсы алып күтіп отырады. Жарысқа кетсем, кішкентай перзентіммен бірге тағатсыздана күтіп, уайымдайды. Мен жалпы жоғарыда атап өткендей отбасымен өте көп көңіл бөлемін. Қолым бос уақытта әрдайым отбасымның жанында өткізіп, бірге болғанды жақсы көрем. Себебі менің басты көрермендерім мен қолдаушыларым бұл менің отбасым. Артымнан еріп келе жатқан перзентіме әрдайым үлгі болу үшін тек жақсылық іс-әрекетерін жасауға тырысам. Себебі әке деген өз отбасының тірегі екеніне сенемін.
- Шыныменде отбасыңызға үлгі боларлық тұлға екенсіз. Ал енді спорт саласында жеткен жетістіктеріңізге тоқтала кетсек?
- Самбо күресінен Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионымын. Сондай-ақ, жауынгерлік самбодан халықаралық турнирлердің жүлдегерімін. Ал, қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы болып табыламын. Самбо күресінен Азия чемпионаты мен Азия кубоктарының бірнеше дүркін жүлдегерімін. Ал спорттағы ең үлкен жетістігім деп мен 2024 жылғы әлем кубогындағы үшінші орынды айта аламын. Сондай-ақ, жауынгерлік самбодан ел біріншіліктерінің жеңімпазымын. Мен үшін бұл жетістіктер өте ыстық себебі әрқайсысы үшін мен көп тер төктім. Болашақта бұл жетістіктерімнің саны ұлғая түсетініне сенімдімін.
- Керемет, жеңісті де жемісті күндеріңіз көп бола берсін. Ал, сіз жалпы әскери салаға бел буғаныңызға өкінбейсіз бе?
- Бұл салаға келгеніме ешқашан өкінбегенмін. Себебі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери құрылымы өз әскери қызметшілеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Әрбір жарыстарға қатысуға әрдайым өз қолдауларын білдіріп, жаттығуларымызға кедергі келтірмеген. Қызмет атқарған 10 жыл ішінде әрдайым қолдау білдіріп, білікті ағаларымыз өз білгендерін үйретіп спорттағы әртүрлі жарыстарға жіберіп тұрды. Сондай-ақ, әрдайым бізге кеңестерін айтып, жаңа әдіс-тәсілдерді көрсетіп тұрады. Сол себепті, менің спорттық маңсабыма өз қолдауларын көрсеткен Ұлттық ұлан әскери құрылымына менің алғысым шексіз.
- Сұхбатыңызға көп көп рақмет! Ең соныңда жастарға айтар ақыл кеңестеріңіз?
- Артымыздан еріп келе жатқан жастарға айтарым, патриоттық сезім бұл ер адамның бойындағы ең ұлы сезім. Батыр бабаларымыздың атқарған қызметін жалғау бұл біздің міндет. Сол себепті әрдайым, намысты қолдан бермей алға қарай ұмтылыңыздар.
Жандос мырза, сұқбатыңыз үшін көп көп рақмет! Спорттық маңсабыңызда алар асуларыңыз биік көп екеніне сенеміз және тек үлкен табыстар тілейміз.
Лейтенант Манарбек Бақдәулет