Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің психолог мамандарымен онлайн-режимінде бір күндік оқу – әдістемелік жиын өткізілді. Оған Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе және Жаңаөзен қаласындағы Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің психолог мамандары қатысты.
Соңғы жылдары елімізде жас жеткіншектердің өздеріне қол жұмсап, бүкіл қоғамды дүр сілкіндіруі белең ала бастады. Осындай жайсыз хабарлар Республикамыздың барлық облыстарында орын алуда. Қазіргі таңда осындай дертпен ел болып, жұрт болып бірлесіп күресудің өзектілігі артып отыр. Осыған орай ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығында психолог мамандардың жиыны өтті. Әдістемелік жиын барысында, жиынға қатысушылар әскер қатарына алынатын сарбаздардың моральдық психологиялық жағдайын дұрыс зерделеу, суицидтің алдын алу және құмар ойынға қарсы жүргізілетін жұмыстарды жан-жақты талқылап, тәжірбие алмасты. Әдістемелік жиында бірлесіп іс-қимыл жасайтын органдардың тәжірбиелі мамандары атап айтсақ Мирас Құрасбекұлы, Мөлдір Аманғалиқызы, Әсем Бекежанқызы өз бағыттары бойынша дәрістер оқып, әскери психолог мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірбиелерімен бөлісті.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының психолог маманы майор Берік Рашевтың ұйымдастыруымен өткізілген жиында әскери психологтар өздеріне керекті тың ақпараттар алып, тәжірбие алмасып тарқасты.
ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі