«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ХАЛЫҚ БАНКІ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

«Әділет» партиясы облыстық сайлауалды штабының өкілдері «Қазақстан Халық Банкі» АҚ БҚО филиалының қызметкерлерімен кездесті. Басқосуға облыстық сайлауалды штаб төрағасының орынбасары Азамат Сафималиев пен штаб өкілі Данагүл Кауметова қатысты. Жиында спикерлер «Әділетті болашақ үшін!» бағдарламасында қамтылған міндеттерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және цифрлық технологияларды дамыту мәселелері қозғалды.


Азамат Сафималиев өңір экономикасын әртараптандыру мен халықтың табысын арттыруға бағытталған жоспарларды таныстырды. Бағдарламада алдағы бес жылда 19,7 мың субсидияланатын жұмыс орнын құру, «Еуразия» индустриялық-логистикалық хабын іске қосу, «Іскер аймақ» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау көзделген.
Әлеуметтік салада да бірқатар ауқымды міндеттер белгіленген. Олардың қатарында Орал қаласында 550 орындық көпбейінді аурухана мен перинаталдық орталық салу, 13 мектепке күрделі жөндеу жүргізу, жаңа балабақша орындарын ашу және тұрғын үй құрылысын дамыту бар. Сонымен қатар облыс аумағында шамамен 1 000 шақырым жолды жөндеу, коммуналдық желілерді жаңғырту және инженерлік инфрақұрылымның сапасын жақсарту жоспарланған.

– Біздің басты міндетіміз – өңірдегі әрбір тұрғынының өмір сапасын арттырып, қала мен ауыл халқына тең мүмкіндік қалыптастыру. Алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламада 20 мыңға жуық жұмыс орнын құрудан бастап, «Еуразия» индустриялық-логистикалық хабын іске қосу, заманауи ауруханалар мен мектептер салу, жолдарды жөндеу сияқты нақты міндеттер қамтылған. Ең бастысы, әр тұрғын өңірдегі оң өзгерістерді өз ауласынан, көшесінен және ауданынан сезінуі керек, – деді Азамат Сафималиев.

Өз кезегінде Данагүл Қауметова азаматтардың әл-ауқатын арттыру, қалалық және ауылдық жерлерде өмір сүруге қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру және жасанды интеллект жобаларын дамыту бағыттарына назар аударды.

– Партияның негізгі міндеттерінің бірі – қалада да, ауылда да тұратын азаматтарға жайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру, әр адамның ертеңгі күнге деген сенімін нығайту. Ал елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауда әр азаматтың белсенділігі қажет. Сондықтан сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасау – баршамызға ортақ азаматтық жауапкершілік, – деді Данагүл Қауметова.


Кездесу барысында банк қызметкерлері де өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Әсіресе, өңір экономикасын дамыту, шағын және орта бизнесті қаржыландыру мен қолдау, цифрлық бастамаларды жүзеге асыру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және Орал қаласының инфрақұрылымын жақсарту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Штаб өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп, тұрғындар мен еңбек ұжымдарының ұсыныс-пікірлері өңірдің даму басымдықтарын айқындауда маңызды екенін атап өтті.

Дайындады: «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: Бектұрған Б.О.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *