Ағымдағы жылдың 15-17 ақпан аралығында «Орал» спорт кешенінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің әскери қызметкерлері арасында қазақша күрестен жарыс өткізілді. Жарысқа Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Жаңаөзен және Орал қалаларынан келген 40-тан астам жуық спортшылар қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев, ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Бекайдар Қазкеев, әскер ардагерлері және өзара іс-қимыл жасайтын органдар басшылары қатысты.
Ұйымдастырылған бұл сайыстың басты мақсаты, әскери қызметшілердің дене шынықтыру дайындығы мен спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау болатын.
Өңірлік қолбасшылықта алғаш рет ұйымдастырылған бұл жарыста спортшылар 7 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Ақтөбе қаласынан келген 6655 әскери бөлім командасы иеленсе, екінші орыншы Орал қаласының 5517 әскери бөлім командасы қаңжығасына байлады, ал үшінші орынды Жаңаөзен қаласынан келген 5548 әскери бөлім спортшылары қанағат тұтты. Атап айтар жайт, турнир жеңімпаздарына кубок, медальдар және бағалы сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар алдағы уақытта осы жарыстың жеңімпаздары ағымдағы жылдың наурыз айында Семей қаласында қазақша күрестен өтетін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан чемпионатына қатысатын болады.
ҚР ҰҰ «Батыс» ӨңҚ баспасөз қызметі